Мектепке боянып келуге тыйым салынған ба? Вице-министр түсініктеме берді
Елімізде міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар бар.
Әлеуметтік желілерде оқушыларға мектепке макияжбен келуге тыйым салынғаны және бұл талапты бұзған жағдайда ата-аналарға айыппұл салынуы мүмкін екені туралы ақпарат тарады. Осы мәселеге қатысты ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, елімізде міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар бар. Мектеп формасы күнделікті, салтанатты және спорттық болып бөлінеді. Ал оның түсі мен үлгісі ата-аналармен және қамқоршылық кеңес мүшелерімен келісіліп, білім беру ұйымы тарапынан бекітіледі.
Қолданыстағы бұйрықта оқушылардың сабаққа макияжбен келуіне қатысты нақты талап қарастырылмаған. Яғни мектеп формасына қойылатын талаптардың ішінде макияжға байланысты жеке норма жоқ, – деді Шынар Ақпарова.
Сонымен қатар вице-министр әр мектептің ішкі тәртіп ережелері мен жарғысы бар екенін атап өтті.
Білім беру ұйымдары бірыңғай тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында өздерінің ішкі қағидаларында оқушылардың мектеп ғимаратында макияжсыз жүруін қарастыруы мүмкін. Өйткені балалардың кішкентай кезден бастап макияж қолдануы, ең алдымен, олардың денсаулығына зиян келтіруі ықтимал, – деді ол.
Шынар Ақпарованың сөзінше, мұндай жағдайда мектептер ата-аналарға балалардың ішкі тәртіп талаптарын сақтауын қамтамасыз ету міндетін жүктей алады.
Алайда ол макияж үшін емес, міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Міндетті мектеп формасын сақтау талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Ал макияж мәселесі әр мектептің ішкі тәртіп қағидалары аясында реттелуі мүмкін, – деп түсіндірді бірінші вице-министр.
Айта кетейік, бұған дейін Тоқаев 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіге тіркелуге тыйым салу бастамасын қолдады.