Мектеп пен балабақша: Үш жылда қандай жұмыс атқарылды?
Қазақстанда 20232025 жылдары шағын қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдық жерлерде орналасқан 3 008 мектеп жаңғыртылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл жұмыстар қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтуға, оқушылар үшін қолайлы жағдай жасауға және білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, үш жыл ішінде жыл сайын шамамен мың білім беру ұйымы жаңартылған.
Үш жылда бағдарлама аясында 1 576 мектептің жиһазы жаңартылды. 2 181 мектептің кітапханасы мен 1 301 мектептің асханасы жаңғыртылды. Сонымен қатар 1 541 мектепте қауіпсіздік жағдайы жақсартылды, – деді Жайық Шарабасов.
Сондай-ақ 2021-2026 жылдары Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында 8 384 пәндік кабинет сатып алынған. Оның ішінде 2 382-сі – химия, 2 419-ы – физика, 2 192-сі – биология кабинеті. Бұдан бөлек, 791 STEM кабинеті мен 600 робототехника кабинеті жабдықталған.
Бұл шаралар жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді тереңдетіп оқытуға қажетті жағдай жасауға мүмкіндік берді.
Білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмыстары мектептермен қатар мектепке дейінгі ұйымдарды да қамтиды. Қазіргі уақытта елімізде 12 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Онда 1 миллионнан астам бала тәрбиеленіп жатыр.
Соңғы жеті жылда мектепке дейінгі ұйымдар желісі 1 483 нысанға ұлғайған. Инфрақұрылымды кеңейту жаңа балабақшалар салу, жұмыс істеп тұрған ұйымдарды реконструкциялау және олардың қуаттылығын арттыру, сондай-ақ жаңа мектепке дейінгі ұйымдар мен шағын орталықтар ашу есебінен жүзеге асырылуда.
Ал соңғы үш жылда мектепке дейінгі ұйымдарда 234 мың жаңа орын ашылған.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда соңғы жеті жылда 1 миллионнан астам оқушы орнына арналған 1 342 мектеп салынғаны хабарланды. Соның нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны бес есе, апатты мектептер екі есе, ал оқушы орындарының жалпы тапшылығы төрт есе қысқарды.
Сондай-ақ, еліміздің 20 өңірінде инклюзивті мектеп-кешендер салынатыны мәлім болды.