Медеу мен Шымбұлақ арасында шаттл іске қосу мәселесі әлі шешілмеген
Алматының Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин Медеу мен Шымбұлақ арасында шаттл автобустарын іске қосу мәселесі әлі де өзекті екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әкімнің сөзінше, бұл бастама бойынша нақты шешім қабылдау аудан әкімдігінің құзыретіне кірмейді. Өйткені аталған аумақта көлік қозғалысына қатысты шектеулер арнайы қаулы негізінде енгізіледі және ол мәслихаттың шешімімен бекітіледі.
Ресми ақпаратты күту керек. Дегенмен бұл мәселе күн тәртібінде тұр. Тәжірибе көрсеткендей, электромобильдерге жүруге рұқсат беру де бүгінде мәселені толық шеше алмай отыр. Себебі мұндай көліктердің саны жыл сайын артып келеді, – деді Еркебұлан Оразалин.
Оның айтуынша, электромобильдер санының көбеюі Медеу мен Шымбұлақ арасындағы жолда жаяу жүргіншілердің қауіпсіз әрі жайлы қозғалуына кедергі келтіруде.
Сондықтан туристер мен демалушылар ағыны көп бағытта қоғамдық көлік қатынасын ұйымдастыру мәселесі қарастырылып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы билігі жыл соңына дейін Медеу мен Шымбұлақ арасында қатынайтын шаттл автобустарын сатып алып, іске қосуды жоспарлап отырғанын хабарлаған еді.
Сондай-ақ, Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин ауданында көшкін қаупі бар 48 учаске тұрақты бақылауда тұрғанын мәлімдеген еді.