Мәжіліс сайлауына қатысушы партиялар арасында теледебат өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үміткер партия өкілдері «Ашық алаң» бағдарламасы аясында қарсылас партиялармен ашық дискуссия құрды.
Бүгін «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының тікелей эфирінде Мәжіліс сайлауына қатысушы партиялар арасында теледебат өтті.
Бағдарламаға «Nur Otan» партиясының өкілі Айдос Сарым, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының өкілі Дәулеткерей Кәпұлы, «Ақ жол» демократиялық партиясының өкілі Берік Дүйсембинов, «ADAL» саяси партиясының өкілі Мақсат Толықбай және «Қазақстан Халық партиясының» өкілі Ғазиз Құлахметов қатысты.
«Ашық алаң» бағдарламасы аясында 1 сағат бойы өткен теледебат төрт кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде үміткер партия өкілдері партия ұстанымдары мен сайлауалды бағдарламаларын таныстырса, екінші кезеңде партия өкілдері бағдарлама басында жеребе арқылы таңдалған сандар бойынша бір-біріне сауал қойып, жауап алмасты. Үшінші кезеңде партия өкілдеріне көрермен тарапынан сауал келіп түссе, төртінші кезеңде партиялар 2 минут ішінде көрерменге үндеу жолдады.
Еске сала кетейік, ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауы 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді. 2020 жылғы 22 желтоқсандағы жағдай бойынша 276 халықаралық байқаушы аккредиттелді.
Бұған дейін 2020 жылдың 10 қарашасы мен 10 желтоқсаны аралығында республикалық телеарналарда 623 рет «азаматтарды сайлаушылар тізіміне енгізу туралы» бейнеролик көрсетілгенін мәлімденген болатын.