"Мәйіттер жолда шашылып жатты": Куәгер Алматыдағы апат қалай болғанын айтты
Куәгер Алматыдағы жол апаты болған түн туралы баяндады.
Алматыдағы адам өліміне әкелген жол апатына қатысты куәгер сол кеште болған оқиғаның мән-жайын баяндады. Оның айтуынша, олар мейрамханадан тарай бастаған сәтте ешкімнің әрекеті күдік тудырмаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Куәгердің сөзінше, жиналғандардың барлығы өзін қалыпты ұстаған және ешкім қатты мас күйде болмаған.
Біз үйге қайтуға жинала бастадық. Барлығы адекватты болды. Ешкімнен қауіп төнетіндей немесе өзін оғаш ұстап тұрған адам байқамадым. Сол кезде Пак маған «үйге жеткізіп тастайын» деді. Мен “жақсы” дедім, – дейді ол.
«Александр бірінші болып шығып кетті»
Куәгердің айтуынша, тұрақ аумағында біраз уақыт қоштасып, кейін әркім өз көлігіне отырған. Алайда соңғы сәтте Александр куәгер қызды басқа танысының көлігімен жіберетінін айтқан.
Александр маған «сені басқа досым апарады, маған жолай емес екен» деді. Мен келістім. Кейін бәріміз көліктерге отырып, тарай бастадық. Александр тұрақтан бірінші болып шыққан көліктердің бірі болды, – дейді куәгер.
Оның айтуынша, өздері шамамен төртінші-бесінші көлік болып шыққан.
Әл-Фарабиде қорқынышты көріністі көрдік»
Куәгерлер отырған көлік Достық даңғылынан бұрылып, Әл-Фараби даңғылына шыққан кезде жол бойында ауыр апаттың ізін көреді.
Әл-Фарабиге шыққанда ақ түсті көлік тұрғанын көрдік. Көрініс өте қорқынышты болды. Жүргізуші менен «бұл бізбен отырған біреу емес пе?» деп сұрады. Мен «жоқ сияқты» дедім, өйткені ақ көлік есімде жоқ еді, – дейді ол.
Кейін жүргізушілердің бір бөлігі тоқтап, көмек көрсетуге тырысқан. Алайда көп ұзамай оқиға орнында қаза тапқандар бары белгілі болған.
Біраздан кейін адамдар «жолда мәйіттер шашылып жатыр» деп айтты. Кейін полиция келіп, адамдарды тарата бастады. Біз үйге қарай кеттік, – дейді куәгер.
«Біз оның көлігін бірден байқамадық»
Куәгердің сөзінше, олар Есентай маңына жеткенде таныстарының бірі хабарласып, апатқа Александрдың қатысы барын айтқан.
Бір жігіт хабарласып, «апатты көрдіңдер ме?» деп сұрады. Біз көргенімізді, бірақ оның бізге қатысы жоқ деп ойлағанымызды айттық. Сол кезде ол Александрдың ауыр жарақат алғанын айтты, – дейді куәгер.
Осыдан кейін олар кері бұрылып, апат орнына қайта барған.
Кейін соққының қатты болғаны сонша, Александр мінген көлік жолдан қатты ұшып кеткен. Сол себепті біз оны алғашында байқамаппыз. Қайтып келгенімізде жедел жәрдем де, әбігер де басталып кеткен еді. Мені ең қатты таңғалдырғаны – сол күні мені үйге дәл сол адам Александр Пак жеткізуі керек болғаны, – деді куәгер.
Бұған дейін сотта үшінші жәбірленуші тарап та кешірім берген еді.
Тағы оқи отырыңыз: Әл-Фарабидегі жантүршігерлік апат: Куәгерлер жауап бере бастады
Әл-Фарабидегі жантүршігерлік апат: ІІМ татуласу жауапкершіліктен босатпайтынын мәлімдеді.