«Майдан жолы» Ленинград облысына аттанады

Ертіс өңірінің «Майдан жолы» іздестіру жасағы Ленинград облысына экспедицияға аттанады, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Отряд мүшелерінің басты мақсаты – Ұлы Отан соғысы жылдарында елден жырақ жерде қаза тапқан жерлестеріміздің жатқан жерін тауып, гранитті ескерткіш орнату.

Жасақ өкілдерінің айтуынша, соғыс жылдары Ленинград облысын азат ету жолындағы ұрыстарға Қазақ жерінде құрылған 314 және 310-шы атқыштар дивизиясының жауынгерлері қатысқан.

«Батырлар жолымен – Дорогой славы» халықаралық-патриоттық жобасы шеңберінде іздестірушілер Подпорож және Лодейнопольск аудандарында «Естелік вахтасын» өткізеді. Биыл отряд құрамында сегіз тәжірибелі іздестіруші болады. Біз Отан үшін отқа түскен батырларымыздың рухына тағзым етіп, халықтар достастығын нығайтуға тырысамыз. Экспедицияны ұйымдастыруға Еуразиялық Топ құрамындағы кәсіпорын қаржылық қолдау көрсетеді, - дейд» жасақ мүшелері.

«Майдан жолы» жасағы 14 жыл бұрын құрылды. Осы уақыт аралығында Ресей, Украина, Молдова, Беларусь елдерінде батырларымыздың ерлігіне 24 жаңа ескерткіш орнатылды. Батыр жерлестеріміздің жатқан жерлері табылып, туыстарына хабар таратылды. Іздестірушілер кезінде Қазақстаннан соғысқа аттанған 300-ге жуық есімі белгісіз солдат пен офицердің моласын тауып, қайта жерлеген еді. Ал жеті жауынгердің сүйегі туған жерлеріне әкелініп, туыстарының зиратына жерленді. Қазба жұмыстары барысында сұрапыл соғыс жайлы сыр шертетін 800-ден астам жәдігер табылып, аймақтың музей қорларына табысталды. Іздестіру жасағы соңғы екі жыл ішінде «Жыл волонтері» атағына да ие болды.

Әр іздестірушінің өз мақсаты бар. Бірі майдан даласына кетіп, хабарсыз кеткен ата-бабасын тапқысы келсе, бірі экспедицияның қызығы мен қиындығын көргісі келеді. Десе де, ортақ міндетіміз бар – ол ұрпақ бостандығы мен бейбітшілігі жолында жандарын пида еткен ата-бабаларымызғы тағзым ету. «Майдан жолы» жасағы іздестіру жұмысынан бөлек келер ұрпақты ата-баба рухында тәрбиелеу бағытында маңызды шараларды қолға алған, - дейді жасақ белсенділеді.

Айта кетейік, былтыр «Майдан жолы» Дубренев ауданындағы «Рыленки» мемориальды кешенінде гранит ескерткішін орнатқан алғашқы қазақстандық жасақ атанды. Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде аты-жөні белгісіз 18 жауынгердің жатқан орны табылды. Сонымен қатар, белсенділер «Батыс фронты. Варшав шоссесі» ауқымды халықаралық жобасына қатысып, батырларымыз жүріп өткен жерлерде болып қайтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы