13 Қазан 2026, 18:38 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Мәслихат сайлауына қанша қаржы жұмсалады? ОСК жауап берді

Қазақстанда мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлауды өткізуге қажетті қаражат Үкімет резервінен бөлінеді. Нақты шығын көлемін Үкімет тиісті шешіммен айқындайды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, кезектен тыс сайлау республикалық бюджетте алдын ала қарастырылмаған. Сондықтан оны ұйымдастыруға қажетті қаражат Үкімет резервінен бөлінеді.

Сайлауға жұмсалатын шығын көлемі ең алдымен тартылатын сайлау комиссияларының санына, сайлау науқанының ұзақтығына және сайлауды ұйымдастыруға байланысты өзге де көрсеткіштерге тәуелді, – деді Михаил Бортник.

Оның сөзінше, сайлауды өткізуге арналған жалпы шығынның 75-80%-ы сайлау комиссиялары мүшелерінің еңбекақысын төлеуге жұмсалады. Бұған дейінгі сайлау науқандарындағыдай, бұл жолы да шығынның негізгі бөлігі осы мақсатқа бағытталмақ.

Михаил Бортник 86 мыңнан астам сайлау комиссиясы мүшесінің еңбекақысын төлеуге қаражат қарастырылатынын атап өтті. Сонымен қатар бірмандаттық сайлау округтеріне байланысты қосымша 3 022 округтік сайлау комиссиясы жұмысқа кіріседі. Олардың құрамында тағы 15 110 комиссия мүшесі жұмыс істейді. Бұл да қосымша шығынды талап етеді.

Кандидаттарды қаржыландыруға да қаражат бөлінеді

ОСК мүшесінің айтуынша, бірмандаттық сайлау округтері бойынша ұсынылатын кандидаттардың сайлау науқанына қатысуына байланысты қосымша шығындар қарастырылған. Заңнамада кандидаттарды мемлекет тарапынан кепілдендірілген қаржыландыру көзделген. Оның нақты көлемін Орталық сайлау комиссиясы бөлек айқындайды.

Бортниктің сөзінше, бір мандатқа бірнеше кандидат үміткер болуы мүмкін. Алдын ала мәлімет бойынша, кейбір округтерде үштен онға дейін және одан да көп адам кандидат болуға ниет білдіруі ықтимал. Тіркеуден өткен кандидаттардың үгіт жұмыстарына қажетті қаражат та сайлау бюджетінде ескеріледі.

Сондай-ақ бұл жолғы сайлауда бюллетень түрлері мен саны өзгереді. Мәслихат депутаттары облыстық, қалалық және аудандық деңгейде сайланатындықтан, әр өңірде тиісті бюллетеньдер әзірленеді. Оларды басып шығаруға кететін шығын тиражға байланысты болады.

Бұдан бөлек, сайлаушылар санының да артқаны ескеріледі. ОСК өкілінің айтуынша, бұл фактор да сайлауды өткізуге қажетті қаражат көлеміне әсер етеді.

Еске салайық, Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлау 2026 жылғы 29 қарашада өтеді. Ел бойынша 228 мәслихаттың 3 447 депутатын сайлау жоспарланған.