Мәслихат сайлауы: Сайлау жарнасы белгіленді
Қазақстанда мәслихат депутаттары сайлауына қатысатын саяси партиялар үшін сайлау жарнасының мөлшері белгіленді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында комиссия мүшесі Әсел Жанәбілова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұсынылған мәліметке сәйкес, саяси партиялар үшін сайлау жарнасының мөлшері сайлаушылардың алдыңғы сайлауда берген дауыстарының үлесіне қарай айқындалады.
Атап айтқанда, сайлаушылардың 5%-дан астам дауысын алған партиялар сайлау жарнасын төлеуден босатылады. Ал 3%-дан 5%-ға дейін дауыс жинаған партиялар 212 500 теңге, 1%-дан 3%-ға дейін дауыс алған партиялар 297 500 теңге төлейді. Базалық жарна мөлшері – 425 000 теңге.
Бірмандаттық сайлау округтері бойынша ұсынылған кандидаттар үшін сайлау жарнасы 425 000 теңге болып белгіленген. Ол кандидаттың заңнамада белгіленген талаптарға сәйкестігі тексерілгеннен кейін, тіркеуге дейін төленеді.
Еске салайық, Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлау 2026 жылғы 29 қарашада өтеді. Ел бойынша 228 мәслихаттың 3 447 депутаты сайланады.