2 Қараша 2026, 12:55 Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

«Ауыл» бірінші, «Әділет» жетінші: Партиялардың бюллетеньдегі орны анықталды

Орталық сайлау комиссиясының отырысында жеребе тартылып, мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында саяси партиялардың атаулары бюллетеньге қандай ретпен енгізілетіні анықталды, деп хабарлайды  BAQ.KZ тілшісі.

Жеребе нәтижесіне сәйкес, 2026 жылғы 29 қарашаға тағайындалған сайлауда партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар бюллетеньде мына ретпен орналасады:

1. «Ауыл» партиясы;
2. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия;
3. Қазақстан Халық партиясы;
4. «Respublica» партиясы;
5. «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы;
6. Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы;
7. «Әділет» партиясы.

Осылайша, бюллетеньдегі бірінші нөмір «Ауыл» партиясына тиесілі болды. Тізімді жетінші нөмірмен «Әділет» партиясы аяқтайды.

Отырыста таныстырылған үлгіге сәйкес, партиялық тізімдер бойынша дауыс беруге арналған бюллетень көгілдір түсті, А5 форматында болады. Онда саяси партиялардың атауларымен қатар «Бәріне қарсымын» деген жол да қамтылады.

Еске салайық, мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2026 жылғы 29 қарашада өтеді.