Мәслихат сайлауы: 28 қарашада Қазақстанда тыныштық күні
29 қарашада өтетін мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындықтың негізгі бөлігі аяқталды. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров дауыс беру күніне дейін қалған уақытта сайлау учаскелерінің дайындығын толық аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, учаскелердің материалдық-техникалық жабдықталуы, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған кедергісіз орта қалыптастыру және қолайсыз ауа райына дайындық жұмыстары толық аяқталуы керек.
Әсіресе шалғай елді мекендерде әкімдіктер, төтенше жағдайлар қызметтері, жол және коммуналдық қызметтердің өзара іс-қимылын алдын ала үйлестіру қажет.
Нұрлан Әбдіров сайлау комиссияларының барлық мүшесі заң талаптарын қатаң сақтауға міндетті екенін атап өтті. Сондай-ақ дауыс беру күні қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі ерекше бақылауда болуы керегін айтты.
Бүгін – сайлау алдындағы үгіттің соңғы күні. Ертең, 28 қараша – тыныштық күні. Яғни бүгін түнгі сағат 00:00-де тыныштық күні басталады. Біздің басты міндетіміз – азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз етіп, дауыс беру күнін заң талаптарына сай өткізу. Біздің барлық жұмысымыз “Заң мен тәртіп” конституциялық қағидатына негізделуі тиіс, – деді ОСК төрағасы.
Ол сайлау учаскелерінің дайындығын аяқтап, дауыс беру күніне қатысты барлық ұйымдастыру мәселесін алдын ала пысықтаудың маңызын еске салды.
Айта кетейік, бұған дейін ОСК мәслихат сайлауында қанша учаске жұмыс істейтіні туралы мәлімет берді.