Мәсімов өмірінің соңына дейін түрмеде отыруы мүмкін – Абзал Құспан
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан бұрынғы ҰҚК басшысы Кәрім Мәсімовтің 18 жылға сотталуына қатысты ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кәрім Мәсімовке тағайындалған 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы жеңіл деп ойламайсыз ба? – деп сұрады журналистер депутаттан.
Менің ойымша, қазіргі таңда соттың үкімі заңды күшіне ене қойған жоқ. Прокуратура 21 жыл сұрағаны туралы БАҚ-тан оқыдық. Прокуратура жазаны қатаңдату туралы наразылық беріледі деп үміттенемін, - деді Абзал Құспан.
Депутаттың жетекшілігімен Парламенттің қарауына ҚР Қылмыстық Кодексі, Қылмыстық процестік кодексі және Қылмыстық атқару Кодексіне өзгерістер енгізу туралы заң жобасы келіп түскен. Сөзінше, бұл өте ауқымды заң жобасы.
Құспан «Мәсімовке түрмеде жағдай жасалуы мүмкін. Ол мерзімінен ерте бостандыққа шығуы мүмкін» деген пікірлерге қатысты ойын айтты.
Оны Прокуратура органдары емес, заңның авторы ретінде Әділет министрлігі ұсынып отыр. Заңның аясында бұрынғы кеңестік үкіметтен қалған жағымсыз дістүрлерді жоямыз деп ойлаймын. Жаңа заң қабылданып, қылмыстық істерді жаңаша форматта қарап, олардың атқарылуын жүзеге асыратындай жағдайға қол жеткізбесек, ол болуы мүмкін. Оны жоққа шығара алмаймын. Бірақ болашақта болмайды деп үміттенемін, - дейді депутат кулуарда.
Депутат атап өткендей, Кәрім Мәсімовтің айыбында шартты түрде босату қарастырылмаған. Ол аса ауыр айыппен сотталып отыр. Оның ойынша, Мәсімов шартты түрде жазаға ауыстырылмайды.
Заңда, Қылмыстық процестік Кодексте және Қылмыстық Кодексте ондай (шартты түрде босату – ред.) мүмкіндік қарастырылмаған. Мәсімов жазасын өтейді. Егер жасымен есептесек, ол шамамен 70 жастан асады, 75 жасқа дейін барады. Менің ойымша, ол кісі өмірінің соңына дейін түрмеде отыруы ғажап емес, - деп айтты Абзал Құспан.
ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов мүлкі тәркіленіп, 18 жылға сотталғанын еске сала кетейік. Ол «мемлекетке опасыздық жасағаны» (ҚК 175-бабының 1-бөлігі), «билікті күшпен басып алғаны» (ҚК 179-бабының 3-бөлігі) және «билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны» (ҚК 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы) үшін кінәлі деп танылды.