Бүгiн 2026, 12:10 Фото: ҰОК

Мәселе шешілді: Спорт министрлігі Шайдоровқа қатысты мәлімдеме жасады

Чемпионға жалақысы енді уақытылы төленеді.

Туризм және спорт вице-министрі Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровқа қатысты мәселе шешілгенін және келісімшартқа қол қойылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев ресми мәлімдеме жасады.

Михаил Шайдоров – отандық спорттың мақтанышы, өз есімін ел спортының тарихына алтын әріптермен жазған саңлақ. Біз оны әрдайым қолдаймыз және халықаралық аренада табысты өнер көрсетіп, биік жетістіктерге жете беруіне тілектеспіз. Қоғамда кеңінен талқыланып жатқан келісімшарт мәселесіне тоқталсам, бүгінгі күні келісімшарт Шайдоровтың командасына жолданды және оған қол қойылды, - деді ведомство өкілі.

Сөзінше, қол қою рәсімі толығымен заң талаптарына сәйкес өткен. Тараптар ортақ мәмілеге келіп, келісімшарттың барлық тармағын жан-жақты талқылаған.

Құжатқа қол қойылғаннан кейін министрлік оны жұмыс тәртібімен қабылдады. Алдағы уақытта келісімшартта көзделген барлық қаржы толық көлемде төленеді, - деді Жарасбаев.

Министрліктің ақпаратына сәйкес, 5 маусымда Михаил Шайдоров жаңа маусымға дайындық үшін АҚШ-қа аттанады. Сондай-ақ бірер күннен соң Михаил Шайдоров өз командасымен бірге Туризм және спорт министрлігіне барады.

Кездесуде алдағы жоспарлар мен келесі Олимпиадаға дайындық мәселелерін талқылаймыз. Сонымен қатар елімізде мәнерлеп сырғанауды дамыту бағытындағы жұмыстар жөнінде де пікір алмасамыз, - деді вице-министр.

Бұған дейін Олимпиада чемпионы, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың жалақысына қатысты дау шыққан еді.