Маңғыстаулықтар жаппай вакцинациядан өтіп жатыр

Маңғыстау облысы, BAQ.KZ тілшісі. Маңғыстаулық тұрғындардың вакцина алу бойынша белсенділігі күшейген. Кез келген қала тұрғыны емханаларға келіп, таңдаған вакцинасын салдыра алады. 

SOFIEMED емханасының директоры Нәдірқожа Мұсаевтың айтуынша, сәуір айынан бастап вакцина алу науқаны басталды. 


Алдымен өзіміздің медициналық қызметкерлер, мұғалімдер мен орган қызметкерлері вакцина алды. Мамырдан бастап халықты жаппай вакцинациялауды бастадық. Осыған орай клиникадағы 7 дәрігерімізді вакцина алу бойынша оқытып, сертификат алдық. Оған қоса 7-8 медбикенің де рұқсаты бар. Бұл жерге келген адамдар дәрігерге көрінеді. Егер жанама әсерлер болмай, вакцина алуға қарама-қайшылық тумаса, тіркеуден өтеді. Тіркеуден кейін вакцина алып, демалу кабинетінде 30 минут дәрігер қарауында болады. Алғашқы күннен бастап 4 бригада жұмыс істеп жатыр. Екі бригада осында, екеуі еңбек ұжымдарына жылжымалы қызмет етеді, - деді ол. 

Дәрігердің айтуынша, еңбек ұжымдарынан жылжымалы бригадаларға вакцина алуға сұраныс жиі келіп түседі. 


Жылжымалы бригадалар 50-100 қызметкер жұмыс істейтін ірі ұжымдарға шақырту алып тұрады. Сұраныс білдірген еңбек ұжымдарына барып вакцина егеді. Қазір күніне емханаға вакцина алуға 250-300 адамға дейін келеді. Мекемеге тіркелген тұрғынның 50 пайызы вакцина алуы керек. Ол 15-16 мың адамды құрап отыр. Егер күніне 250-300 адамнан екпе алса, тамыз-қыркүйек айларында межеге жетеміз. Емхана қызметкерлерінің 93 пайызы вакцина алған, - деді дәрігер. 

SOFIEMED емханасының эпидемиолог дәрігері Қайрат Өрнекешов атап өткендей, емхана 30 мың адамға қызмет көрсетеді. 


30 мың халыққа қызмет ететін мобильді бригада мен фильтр кабинеттері бар. Коронавирусқа қарсы вакцина салатын 4 екпе бригадасы жұмыс істейді. Мобильді бригадалар коронавируспен ауырған, байланыста болған науқастардың үйлеріне барып, емдеу шараларын жүзеге асырады. Қазіргі таңда індетпен күресу бойынша белсенді қызмет жүргізіліп жатыр, - деді ол. 

Өрнекешовтің айтуынша, емхана қоймасында қазір вакцинаның 4 түрі сақталған. 

Емханада вакцинаның алғашқы компонентін 7 мыңға жуық адам, екінші компонентін 5 мыңға жуық адам ектірді. Біздегі медицина қызметкерлері білікті, арнайы оқытудан өткен, - деді ол. 

Вакцина алуға келген тұрғындардың арасында әлеуметтік арақашықтық сақталған. Барлық санитарлық талаптар ескерілген. 


Емханаға вакцина алуға көппен бірге ақтаулық тұрғын Құндыз Сүлейменова да келді. 


Мен өзімнің және отбасымның, ұжымымның қауіпсіздігі үшін вакцина алуға келдім. Отбасымда менен басқа әлі ешкім алмады. Алғашқы болып өзім келіп отырмын. Менен кейін қалған отбасындағы мүшелер алуға келеді. Маңғыстау халқы салт-дәстүрден кенде емес. Барлық той-томалақтарға берік еді. Мына індеттің кесірінен одан тыс қалдық. Сондықтан елімнің тыныштығы мен тұрғындардың денсаулығының жақсы болғанын қалаймын. Вакцина алуға барлық тұрғынды шақырамын, - деді Құндыз Сүлейменова. 

Тұрғынның айтуынша, қазір халық арасында вакцинаға қатысты алып-қашпа әңгімелер өте көп. 


Ондай өзін-өзі қорқытып, төндіретін ақпаратты таратып жатыр ғой. Әркімнің сөзіне сене бермей, өзіне сеніп, өзі үшін вакцина алуы керек деп ойлаймын. Себебі вакцинаны әр адам өзі мен отбасының денсаулығы үшін алады. Менің әріптестерім мен туысқандарым вакцина алды. Олардың жағдайы жақсы. Ешкімде жанама әсер байқалмағандықтан мен де келдім. Менің айналамдағы адамдар Спутник V вакцинасын екті. Сол себепті менің де таңдауым осы вакцинаға түсті, - деді ол. 

Вакцина алуға келген тағы бір қала тұрғыны Эдуард Альбертовичтің пікірінше, індеттен қорғанудың бірден-бір жолы – екпе алу. 

Ең дұрысы вакцина қабылдау. Егер екпе алса, ауру таралмайды. Ал вакцина қабылдау деңгейі төмен болса, көп адам коронавирус жұқтырады. Басында екпе салдыруға қатысты күмәнім болғаны рас. Қазір 2-компенентті алғасын күдігім толық сейілді. Алғашқысында дене қызуым болмаған. Бәрі бірқалыпты өтті. Бұрын COVID-19-бен ауырмағанмын. Мен осындай таңдау жасадым, - деді ол. 

Қала тұрғыны Сергей Болгов вакцинаның екінші компонентін алуға келген.


Вакцинаны міндетті түрде алу керек. Бұл әркімнің азаматтық парызы деп те айтуға болады. Жаппай иммунитет қалыптаспағанша, барлығымыз осылай ауыра береміз. Мен бүгін екпенің екінші компонентін алуға барамын. Аман-есен жүрмін ғой. Балаларым да алды. Жұбайым да алады, - деді Сергей Болгов.

Кей әжелер немерелері мен қоршаған ортаны қорғау үшін вакцина алғанын айтты. 


Мен әлсіз топтың қатарына жатамын. Жүректе кардиостимулятор бар. Сәуір айында вакцинаның екі компонентін алдым. Ешқандай жанама әсер болған жоқ осы уақытқа дейін. Вакцина алу керек деп ойлаймын. Әркімнің өз пікірі бар. Мен вакцинаны өзімнің немерелерім мен қоршаған ортаны қорғау үшін алдым, - деді қала тұрғыны. 

Сондай-ақ Маңғыстау өңірінің тұрғындарына екпе егу бойынша жылжымалы диагностикалық медициналық кешен қызмет көрсетіп жатыр.


Жылжымалы кешен 9 шілдеден бастап қызмет көрсетуге шыққан.

Жылжымалы кешен таңертеңгі 10:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс Істейді.


Айта кетейік, облысқа барлығы 221 250 доза вакцина жеткізілген, оның ішінде: ресейлік Sputnik V: I компонент – 96 150 доза, II компонент – 66 600 доза; QazVac – 7 000 доза; H ayat-Vax – 31 500 доза, CoronaVac – 20 000. Қазір облыс бойынша бірінші компонентпен 78 135 адам, екінші компонентімен 40 631 адам егілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы