19 Маусым 2025 2025, 12:09
Фото: видеодан скриншот
Маңғыстауда заңсыз лотерея ойнатқан блогерлер 162 млн теңге тапқан
Ақтауда әлеуметтік желі арқылы рұқсатсыз онлайн-лотерея ұйымдастырған ерлі-зайыптыларға қатысты тергеу жүріп жатыр. Олар 1 800-ден астам адамнан билет сатып алып, заңсыз жолмен 162 миллион теңге табыс тапқан.
Ақтау қаласында ерлі-зайыптылар Instagram, TikTok және Telegram желілерінде 850 мыңнан астам оқырмандары бола тұра, ауқымды онлайн-лотереялар ұйымдастырған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қаржы мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті заңсыз кәсіпкерлік қызмет фактісі бойынша тергеу жүргізуде.
Лотерея операторы ретінде тіркелмегеніне қарамастан, олар автокөлік, пәтер және басқа да бағалы жүлделер ойнатқан.
Қатысушылар құны 500-ден 50 000 теңгені құрайтын билет (цифрлық нөмір) сатып алып отырған.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, бұл лотереяларға 1 800-ден астам азамат қатысқан.
Заңсыз қызмет нәтижесінде қылмыстық табыс сомасы 162 миллион теңгеден асқаны анықталды.
Қазіргі уақытта күдіктілердің мүлкі мен банк шоттарына тыйым салынды.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.