Маңғыстауда дәрігерлер тапшы
Маңғыстау облысының қалалары мен шалғайдағы ауылдарында ақ желеңді мамандар жетпей жатыр, деп жазады Маңғыстаудағы BAQ.KZ тілшісі.
Жалпы тәжірибелік және балалар дәрігеріне сұраныс жоғары. Дәл қазір аймақта 228 дәрігердің орны бос тұр. Ақтаудың өзінде емдеу мекемелерінде 100-ден аса орын бос тұр. Мәселен, 2 мыңнан аса тұрғыны бар Қарақия ауданына қарасты Бостан ауылында дәрігер жоқ десе де болады. Ауыл халқы кез келген сырқатының емін амал жоқтықтан тіс дәрігерінен сұрауға мәжбүр. Бұл тек бір ғана ауылдың проблемасы емес. Мұндай жағдай көптеген елді мекендерде бар.
Ауылдарға дәрігерлерді тарту үшін қандай жұмыстар жасалып жатыр? Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибізада Дүйсенбаеваның айтуынша, жылдан жылға облыс халықының саны өсіп келеді. Демографиялық көрсеткіш бойынша Маңғыстау облысы республикада бірінші орында тұр.
Қазір облыста 31 алғашқы медицина қызмет көрсету орталықтары бар. Жаңаөзен қаласында 175 орындық емдеу орталығы іске қосылды. 2022 жылы пайдалануға берілген бес қабатты онкологиялық орталық, балалар ауруханасы жанынан 100 орындық оңалту орталығы аштылды.
Солардың бәрі мамандардың қажеттілігін тудырып отыр. Ең тапшы мамандар қарқынды емдеу көрсететін анестизиолог-реаниматологтар, тар буынды мамандар, кардиологтар. Былтырғы жылмен салыстырғанда бізде жол көлік апатының өсуі де байқалып тұр. Осыған орай травматолог, хирург мамандар қажет. Жалпы тәжірибелік мамандардың орыны бір бөлек. Бостан ауылында бұрын дәрігер болды. Жұмыс істеді. Ақтөбеге көшіп кеткен. Бірақ, ол жерде салыстырмалы түрде қаражат көзі төмен болғандықтан қайта келуге ниеттеніп отыр. Егер осы айдың соңына дейін келсе орнын сақтаймыз, келмесе басқа маманды қарастырамыз, - дейді Бибізада Дүйсенбаева.
Өмірзақ ауылында «Өркениет» деген жеке клиника ашылды. Олар да халыққа қызмет көрсетіп жатыр. Сондай-ақ, 118 маманды тұрақтандыру мақсатында әлеуметтік көмек көрсетілді. Ауылға бару үшін 22 дәрігер және 59 орта буын маманға қайтарымсыз көмек берілген. Үй алуға берілетін 1 жарым мың АЕК тағы бар. Былтыр 7 дәрігер және 30 орта буын маман осы көмекті пайдаланды. Яғни, 37 маман баспанаға қол жеткізді. Облыстық көп бейінді ауруханаға әлі де 13 маман жетіспейді.
Осы орайда, мәселені шешу мақсатында Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары және облыс, аудан, қала, ауыл деңгейіндегі медицина ұйым басшылары Алматыдағы Қазақ-Ресей медицина университеті және С. Асфендияров атындағы ұлттық медицина университетінің ұйымдастыруымен өткен бос орындар жәрмеңкесіне қатысты. Жақында денсаулық сақтау ұйымының басшылары Ақтөбеге де барып қайтқан.Мамандардың тапшылығын жою үшін салыстырмалы түрде 10 мың адамға шаққанда мамандармен қамту коэффиценті болады. Маңғыстау облысы республика бойынша соңғы орында тұр. Өңірде бұл коэффицент 25-26% болып тұр. Астана, Алматы қалаларымен салыстырғанда оларда 59%. Маңғыстау облысынан бірнеше есе көп. Сондықтан оңтүстік өңірде бітіріп жатқан түлектерді әлеуметтік пакеттермен қызықтыру арқылы жұмысқа шақыру жұмыстары жүріп жатыр.
11 адамнан төрт-бесеуі келсе, тапшылық орындарды жабамыз. Бұл келісімдер нәтижесіз болмайды деп үміттенеміз. Тек қана Алматымен шектелген жоқпыз, Семей, Шымкенттен де шақырту жүргіздік. Қарағандыға да барып, тапшы мамандардың орнын толтыруға мүмкіндігімізше жұмыстанып жатырмыз, - дейді ол.
Медицина мамандықтары үшін өңірде жыл сайын көптеген грант қарастырылады. 2021 жылы облыс әкімдігінен 64 грант бөлінсе, 2022 жылы 157 грантқа жеткен. Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында жоспар бекітілген. Биыл мамандарды шетелде біліктілігін арттырып, тәжірибе жинақтауға оқыту үшін 99 миллион теңге бөлуге ұсыныс жіберілген.
Қазір бізде жетіспей тұрған емханалардағы жалпы тәжірибелі мамандар. Соған байланысты біз министрлікке де оқытылып жатқанмамандардың сапасына қараса деп өтініш айтамыз. Қазір ҚР денсаулық сақтау министрлігіне қоғамдық денсаулық сақтау мамандары бөлініп, оқытылуда. Олардың саны дәрігерлерден көп. Ол мамандарды да медицина ұйымдарына қабылдауға мәжбүрміз. Өйткені, медиститут бітірген. Бірақ ЖОО-нын бітіргенімен олар дәрігер емес. Қоғамдық денсаулық сақтау саласының мамандары. Дәрігер болмаған соң, олардың емдеуге құқығы жоқ. Төрт жылда маман шығарып жатыр. Бұл жалпы медицинаның беделін түсіріп жіберді. Маман болып тіркелгеннен соң, маман бар дейді. Бірақ емдемейтін болған соң, айтып жатырмыз. Олардың мамандығы денсаулық сақтау ісін ұйымдастыру, яғни басшылық қызметтер. Оларды басшылыққа тағайындау үшін қазір магистратура талабы қойылған. Ал бізде, магистр алу үшін кемінде бес жыл жұмыс істеуің керек. Біз оларды басшылық лауазымға қоя алмай отырмыз, - дейді Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибізада Дүйсенбаева.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасында телеграмм чаты іске қосылған. Күні-түні 24/7 сағат колл орталық жұмыс істейді. Ақтаудағы колледж ғимартының бір бөлігі Ақтөбе медицина уинверситетінің ғимаратына айналды. Ақтөбе медициналық университетінің филалы ашылды. Оның негізгі қызметі қолында дипломы бар, резидентурада жүрген мамандарды тәжірибеден өткізу арқылы бейімдеу. Медицина мамандарының тапшылығында бұл үлкен көмек болып отыр. Бұрын олар оқу орнында тәжірибеден өтсе, енді өзге қалаларда тәжірибелерін шыңдайды.
Жалпы Маңғыстауда дәрігерлердің жетіспеушілігі жуық арада шешіледі деп айту қиын. Бірақ, маман тапшылығын жою мақсатында барынша жұмыс жүріп жатқанын айта кету керек. 2021 жылы 276 маман жетіспеушілігі байқалса, былтыр 228 болған. Бұл көрсеткішті 100-ге дейін кеміту басты назарға алынған.