17 Шілде 2026, 10:27

Маңғыстауда 9 млрд теңгеден астам шығын келтірген қаржы пирамидасына қатысты іс тергеліп жатыр

Маңғыстау облысында 9 млрд теңгеден астам шығын келтірген Sax Invest қаржы пирамидасына қатысты және басқа да резонанс тудырған бірнеше қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Бұл туралы Экономикалық тергеп-тексеру департаменті (ЭТД) хабарлады.

ЭТД Тергеу басқармасының басшысы Самат Исабековтің айтуынша, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында департаменттің өндірісінде 27 қылмыстық іс болған. Оның 10-ы бойынша тергеу аяқталып, тоғызы сотқа жолданған. Аяқталған істер бойынша анықталған жалпы шығын көлемі 1,63 млрд теңгеден асты. Оның ішінде тәркіленген мүлікті есептегенде 887,4 млн теңгеге жуық қаражат өтелген.

Lada.kz басылымының мәліметінше, ең ірі істердің бірі – Sax Invest қаржы пирамидасының қызметіне қатысты тергеу. Тергеу деректеріне сәйкес, 2018–2022 жылдар аралығында оның ұйымдастырушылары Ақтау, Астана, Ақтөбе және Орал қалаларынан мыңнан астам салымшыны бағалы қағаздармен операциялар жүргізу және Анголадағы алмас өндіру жобасына қатысу арқылы табыс табуға болады деп сендірген. Салымдардың жалпы көлемі 9 млрд теңгеден асқан.

Бұл іс бойынша ұйымдасқан қылмыстық топтың сегіз мүшесі 6 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ал болжамды ұйымдастырушы 2024 жылдан бері халықаралық іздеуде жүр. Сот үкімімен сотталғандардың мүлкі мен цифрлық активтері тәркіленіп, 208 жәбірленушінің талап-арызы қанағаттандырылған.

ЭТД мәліметінше, тергеу барысында қылмыстық жолмен алынған табысты казино арқылы заңдастыру деректері де анықталған. Алайда тергеу мүддесіне байланысты бұл схеманың егжей-тегжейі жарияланған жоқ.

Сонымен қатар Ақтау қаласының тұрғынына қатысты заңсыз Telegram арқылы онлайн-казино ұйымдастыру ісі бойынша тергеу аяқталды. Айналымы 3,1 млрд теңгені құраған заңсыз қызмет үшін сот оны 5 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ құны 52 млн теңгеден асатын екі автокөлік мемлекет кірісіне тәркіленді.

Бұдан бөлек, аяқталмай қалған Astana Rich Village тұрғын үй кешенінің құрылыс салушысына қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасуда. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алуларға, әлеуметтік нысандардың құрылысына және облыс әкімдігінің бұрынғы жекелеген лауазымды тұлғаларының қызметіне қатысты істер де өндірісте жатыр.

Экономикалық тергеп-тексеру департаменті бұл істердің егжей-тегжейі сотқа дейінгі тергеп-тексеру құпиясына қатысты заң талаптарына сәйкес жарияланбайтынын мәлімдеді.