3 Қыркүйек 2026, 14:45 Фото: видеодан скриншот

Маңғыстауда 5,5 келі бекіре уылдырығын заңсыз айналымға шығармақ болғандар ұсталды

Маңғыстау облысында бекіре тұқымдас балықтардың уылдырығын заңсыз айналымға шығару дерегі тоқтатылды.

«Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Маңғыстау облысы Полиция департаментінің қызметкерлері арнайы бөлімше жауынгерлерімен бірлесіп, облыс прокуратурасының үйлестіруімен бекіре тұқымдас балық өнімдерінің заңсыз айналымы дерегін тоқтатты.

Мұнайлы ауданының Атамекен ауылында полицейлер Toyota 4Runner автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында жалпы салмағы 5,5 келі болатын бекіре тұқымдас балықтардың уылдырығы салынған 10 ыдыс табылып, тәркіленді. Үш ер адам ұсталып, полицияға жеткізілді, - деп хабарлады Маңғыстау облысының ПД баспасөз қызметі. 

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 339-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды.

Сонымен қатар, ұсталғандардың бірінің есірткілік масаң күйде болғаны анықталды. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-1-бабы бойынша әкімшілік материал толтырылды. Сот шешімімен ер адам 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, арнайы қабылдау орнына қамалды.

Тергеу жалғасуда.

Еске салайық, бұған дейін Маңғыстауда көліктің жүксалғышынан 205 келі бекіре табылды.