Маңғыстау өңірінде құрылысы бірнеше жылға созылған онкологиялық диспансер пайдалануға беріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов жыл соңына дейін өңірде бірқатар инвестициялық және әлеуметтік нысан ашу жоспарда барын айтты.

Түпқараған ауданында жылына 5 мың тонна құс етін өндіретін ірі фабрика іске қосылмақ. Бұл 5 млрд теңгенің жобасы, 100-ге тарта адамды жұмыспен қамтиды. Сондай-ақ, Мұнайлы ауданында құрама жем зауыты, Жаңаөзенге газ өңдеу зауытына қажетті энергия өндіретін кәсіпорын, Жетібайда жел электр станциялары ашылады. Бұдан бөлек, құрылысы бірнеше жылға созылған онкологиялық диспансерді де аяқтап пайдалануға береміз, - деді ол.
 

Әкім Ақтауда жұқпалы аурулар ауруханасы, 900 орындық жаңа мектеп пен көпсалалы спорт кешені халықтың игілігіне берілетінін жеткізді.
 

Былтыр ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен, Әбіш Кекілбаев атындағы музей ашылған болатын. Желтоқсан айында осы музейдің жанынан ашылған кітапхананы пайдалануға береміз. Сонымен қатар, осы алаңнан театр салу жоспарланып отыр, - деді ол.
 

Айта кетейік, облыс басшысы бұған дейін биыл өңірде 23 млрд теңге болатын 8 жаңа жобаның іске қосылатынын және өңірдегі эпидемиологиялық ахуал барынша бақылауда екенін мәлімдеген болатын.
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы