Маңғыстау облысында мал шығыны көбейіп жатыр ма?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілішісі. Ауыл шаруашылығы министрі міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев «Қазіргі уақытта Маңғыстау облысында мал шығыны көбейіп жатыр ма?» деген сұраққа жауап берді.

Оның айтуынша, мал шығыны өңіріміздің батысындағы қалыпты жағдай және ол жыл сайын қайталанып тұрады.

Статистикалық мәліметке сүйенетін болсақ, Маңғыстау облысында жылына 4,5 мың мал басының шығыны болып тұрады. Бұл жыл сайынғы көрсеткіш. Оған соңғы 5 жылдың мәліметіне назар салсақ, біле аламыз. Қазір облыста ресми ақпарат бойынша 1559 мал шығыны тіркелген. Ал БАҚ деректерінде 2,5 мың мал шығыны бар деп көрсетіп отыр, - дейді ол.

Сонымен қатар ол Маңғыстау облысының қыстағы ахуалының қалай болатынын айтты.

Мал азығы үшін резервтен 1,9 млрд теңге бөлінді. Ол мал азығының бағасын арзандату мақсатында. Сонымен бірге Маңғыстау облысы жергілікті бюжеттен 5,3 млрд теңге қарастырып отыр. Әкімдік күз айларына дейін Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарынан жем-шөп сатып алып, облыстың аудандарына таратады. Ол қор ретінде жиналып, қыс кезінде пайдаға беріледі. 25 мың тонна шөп алынады. Сонымен бірге 37 мың тонна жем түрі жинақталады. Олар қысқа қор ретінде жиналатын болады. Күрделі жағдайда қолданысқа беріледі, - деді Ербол Қарашөкеев.

Еске салсақ, қуаңшылықтан зардап шегіп отырған Маңғыстау және Қызылорда облыстарына 4,5 млрд теңге бөлінуі мүмкін екені белгілі болды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы