Маңғыстау облысы: Бүкіләлемдік ауқымдағы перспективалы жобалар
Маңғыстау облысы болашақта Қазақстанда баламалы энергетиканы дамытуды нығайтуға мүмкіндік беретін әлемдегі ірі «жасыл» сутегін өндірушілердің біріне айналмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өтіп бара жатқан 2023 жылы алға қойылған міндеттерді тиімді орындауға және ауқымды жобаны іске асыруға ықпал ететін бірқатар шаралар қабылданды. Осы және Маңғыстау облысының 2023 жылғы дамуының негізгі көрсеткіштері туралы толығырақ ОКҚ мен ел өңірлерінің жыл қорытындылары бойынша бірлескен жобасы аясында дайындалған кезекті материалда.
Инвестициялар Маңғыстау облысы экономикасының өсуіне септігін тигізді
Тұрақты экономикалық дамуға жаңа серпін беру үшін өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру маңызды болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыстар толыққанды жүргізілуде. Соңғы бес жылда Маңғыстауға 3 триллион теңгеден астам инвестициялар тартылды. Биыл 11 айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға 976 миллиард теңге салынды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 44%-ға артық. 2023 жылдың басынан бері өңірде экономиканың түрлі салаларында жалпы инвестициялар көлемі 20 миллиард теңгеден асатын 15 инвестициялық жоба іске қосылды. Олардың ішінде ет өңдеу комбинаты, металл илемдеу, арнайы жабдық пен техника, темірбетон, антифриз, т.б. өндірістер бар.
Болашақтың ең маңызды жобаларының бірі – Маңғыстау облысында «жасыл» сутегін өндіретін зауыттың құрылысы. Жобаны «Svevind Energy GmbH» неміс-швед компаниясы іске асыруда. Инвестициялар туралы келісімге былтыр қол қойылды, ал биыл сынақ бұрғылау жұмыстары басталды, бұл жобаны дамытудың жаңа кезеңі, яғни жерасты тау жыныстарын нақты талдау және одан кейінгі кезеңдерді пысықтау үшін мәліметтер жиналады. Жобаны іске асыру барысында тұщыландыру зауытын, жалпы қуаттылығы 40 ГВт күн және жел станцияларын, 2 миллион тонна «жасыл» сутегін өндіретін зауыт салу жоспарлануда. Жобаны іске асыру мерзімі – 2023-2032 жылдар. Сарапшылардың пікірінше, бұл әлемдегі осындай ауқымдағы «жасыл» сутегін өндіру бойынша ең ірі жобалардың бірі болмақ.
Сумен және газбен қамтамасыз ету – жұмыстың басым бағыттары
Бүгінгі таңда жергілікті биліктің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі сумен қамту жүйелерін жаңғырту болып табылады. Тіршілікті қамтамасыз ететін «МАЭК» кәсіпорнында негізгі тетіктердің тозу деңгейі 81%-ға жетеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұщыландыру, бу және газ қондырғыларын және турбоагрегаттарды салу мен жаңғыртуды көздейтін кәсіпорынды жаңғырту бағдарламасы әзірленді. Осы жылы кәсіпорынның жеке қаражаты есебінен турбоагрегаттарды, бу және газ қондырғыларын, сондай-ақ қосалқы жабдықты күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ең тозығы жеткен жабдықты ауыстыру үшін Маңғыстау облысы әкімдігінің резервінен 2,6 миллиард теңге бөлінді. ҚР Үкіметі резервінен жаңа жабдық пен жинақтаушы бөлшектерді сатып алуға тағы 4,9 миллиард теңге бөлінді.
Сондай-ақ биыл Форт-Шевченко қаласында қуаттылығы тәулігіне 5 мың текше метр, Кендірлі ауданында тәулігіне 50 мың текше метр су тұщыландыру қондырғыларын салу бойынша жұмыстар басталды.
Қазақстан бойынша табиғи газ Маңғыстау облысында ең көп тұтынылады. Ел Президентінің тапсырмасы бойынша осы жылдың қазан айында ұзындығы 308 километр болатын «Бейнеу-Жаңаөзен» газ құбырының екінші магистральдық газ құбырының желісі іске қосылды. Оның құрылысы облысты әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында жүргізілді. Газ құбырының екінші желісінің өткізу қабілеті жылына 5,9 миллиард текше метрді құрайды. Құрылыс кезінде отандық өндірушілердің жабдықтары мен материалдары пайдаланылғанын атап өткен жөн.
Бұған дейін «Окарем-Бейнеу» газ құбыры осы бағыт бойынша 3 миллиард текше метрден астам айдауды қамтамасыз еткен болатын. Енді екі газ құбырының жалпы өткізу қабілеті жылына шамамен 9 миллиард текше метрге жетеді, бұл өңірдің қажеттілігін толығымен жабады.
Жаңа мектептер, медициналық объектілер: Маңғыстауда әлеуметтік сала қалай дамуда
Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала мәселелеріне басымдық беріледі.
Облыста «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2025 жылға 2 ауысымдық 44 мың оқушыға арналған 21 мектеп салу жоспарланып отыр (2024 жылы – 13 мектеп, 2025 жылы – 8 мектеп). 13 мектеп бойынша мердігерлермен келісімшарт жасалып, құрылыс жұмыстары басталды.
Ал жоғары білім беру саласын дамыту үшін облыста Қазақ-Неміс тұрақты инженерия институты ашылды. Жаңа оқу орны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикада жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу және өнеркәсіптік инженерлердің жаңа буынын қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында құрылды. Жоба Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің базасында жүзеге асырылуда. Биыл институт екі білім беру бағдарламасын іске қосты: «Энергетикалық және экологиялық инжиниринг», «Логистика». Олар Маңғыстау облысында «жасыл» сутегін өндіру үшін мамандарды даярлауға және Каспий теңізі арқылы Қытайдан Еуропаға дейінгі көлік дәлізі логистикасын дамытуға бағытталған. Болашақта білім беру бағдарламасы 8 бакалавриат және 6 магистратура бағдарламасына дейін кеңейтіледі.
Медицина саласына келетін болсақ, денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасы жыл сайын жаңартылып отырады. Атап айтқанда, аудандарды санитарлық көлікпен жабдықтау жұмыстары жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда емдеу мекемелерінің жабдықталу деңгейі 92%-ды құрайды.
Түбектегі екінші ірі қала Жаңаөзенде биыл 50 адамды қабылдауға арналған дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталды. Бұл қаланың 55 жылдығына тұрғындарға жасалған жақсы сыйлық болды.
Облысты дамытудың кешенді жоспары аясында Мұнайлы ауданында 150 төсек-орындық орталық аурухананың құрылысы жалғасуда. Бүгінгі таңда объекті 45%-ға дайын. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Жаңаөзен қаласының Кендірлі ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталды.
Саланың басты мәселелерінің бірі қазіргі таңда 206 маманды құрайтын кадр тапшылығы болып отыр. Мәселені шешу үшін 2022-2023 жылдары облыс әкімінің 350 гранты бөлінді.
Әлеуметтік салада жергілікті биліктің тағы бір міндеті азаматтарды жұмыспен қамту болып табылады. Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы аясында жыл басынан бері 34 089 адам жұмысқа орналасты, оның 71,2%-ы - тұрақты жұмыс орындары. Мемлекет басшысының әрбір 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын құру тапсырмасы аясында жаңа жеке кәсіпкерлік субъектілерінде 14 192 жұмыс орны ашылды. «Жұмыс Жасаймын» өңірлік жобасына 61 мекеме қатысып, 1 238 тұрғын жұмысқа орналастырылды. Өңірдегі ірі мұнай өндіруші кәсіпорындар мен олардың мердігерлері 2 005 жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.
Ауыл шаруашылығы
Қолайсыз климаттық жағдайға қарамастан, өңірде ауыл шаруашылығы дамытылып жатыр.
Биыл 10 айда 4 жоба жүзеге асырылды. Келесі жылы өңірде 5 жоба, соның ішінде жылыжай мен азық-түлік қоймаларының құрылысы жоспарланған.
Қарақия ауданында зәйтүн ағашын өсіру бойынша пилоттық жоба іске асырылуда. 2 мың түп көшет отырғызылды. Егер бұл оң нәтиже берсе, 10 мың гектар алқапқа ағаш отырғызылып, май өндіру қолға алынбақ.
Жалпы, биыл АӨК-ті қолдауға 2,9 миллиард теңге, оның ішінде мал шаруашылығын дамытуға 1,7 миллиард теңге бөлінді. 730 ауыл шаруашылығы кәсіпорнына жем-шөпті субсидиялауға 1,5 миллиард теңге төленді.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 1,2 миллиард теңге бөлінді. 165 жоба мақұлданды, оның ішінде 111-і мал шаруашылығы, алтауы өсімдік шаруашылығы, 48-і басқа салалар бойынша.
Көлік және логистика
Маңғыстау облысы көлік-логистикалық әлеуетін толығымен пайдалану мақсатында Ақтау және Құрық порттарын кеңейту, контейнерлік тасымалдау, қажетті материалдық-техникалық базамен жабдықтау секілді бірнеше бағытта жұмыс жасап отыр.
Ағымдағы жылдың қараша айында Ақтау портында «Taraz» және «Liwa» танкерлерін салтаннатты қабылдау рәсімі өтті. Танкерлер Қазақстан мұнайын Каспий теңізі арқылы тасымалдайды. Бұл Транскаспий бағытын дамытудағы кезекті қадамдардың бірі.
Биыл ұзындығы 250 километр автокөлік жолында 15 жоба іске асырылып жатыр. Қазір Бейнеу-Шалқар жолы құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде.
Осы жылы қоғамдық көлік саласында да елеулі өзгерістер орын алды. Облысқа метанмен жүретін жаңа автобустар жеткізілді. Жаңа автобустарда газ қозғалтқыштарын пайдалану зиянды шығарындыларды азайтуға және бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға септігін тигізеді.
Мәдениет және спорт
Маңғыстау облысында мәдениет пен спортты дамытуға жіті көңіл бөлінеді. Жергілікті билік ауылдық округтер мен шалғай жатқан елді мекен тұрғындарын мәдени-демалыс орындарымен қамтамасыз етуде. Мысалы, Қарақия ауданында жаңа мәдени-демалыс кешені ашылды, онда кітап қоймасы, оқу залы, музей, ақсақалдар залы, сурет салуға және домбырашыларға арналған залдар, актерлік шеберлік үйірмесі, би залы бар. Сондай-ақ облыстық тарихи-өлкетану музейі ашылды. Түпқараған ауданында 500 орындық жаңа Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Бейнеу ауданында жаңа балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ашылды. Мұндай мысалдар өңірде көп.
Осылайша, Маңғыстау облысының даму көрсеткіштері өңірдің өз әлеуетін, оның ішінде көлік-логистикалық әлеуетін табысты іске асырып жатқанын көрсетеді. Заман көшіне ілесу үшін қарқынын бәсеңдетпей, жаңа өндірістер ашып, халықты жұмыспен қамтамасыз ету маңызды. Бұл өңірдегі басым бағыттардың бірі.