Маман кірме сөздер деп жүрген сөздердің түбі түркі екенін дәлелдеді

Иран тілінің маманы қазақ тілінде кірме сөздерге жатқызылып жүрген сөздердің көбінің түбі түркі төл сөзіміз екенін дәлелдейді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жиһангир Қызылөзен түркітанушы ғалым. 1970 жылы Ирандағы түрік-әзербайжан отбасында дүниеге келген. Қазіргі кезде Түркиядағы Гүмүшхане университетінде жұмыс істейді. Түркі этимологиясына байланысты 30 шақты ғылыми еңбектің авторы, соның ішінде «Farsçada Türkçenin En Eski İzleri» атты кітабында Түркиядағы кітаптарда парсы деп аталған сөздердің прототүркі элементтері екендігін дәлелдеген. Ғалым ағылшын, парсы, орыс, түрік, қазақ, әзербайжан тілдерімен бірге көне тілдерді де жақсы біледі.

Зерттеуші қазақ тіліндегі парсыша-қазақша сөздіктерде азық, аққу, алтын, албасты, ант, арба аяқ, батыр, елек, ес, жармақ, жұмақ, жұпар, қатын, таңба, тамұқ, тозақ, т.б. сөздердің иран тілінен қазақ тіліне кірген деп жазылғанын, ал олардың негізінде өзіміздің төл сөздер екендігін алға тартады. 

«Төл сөздеріміздің кейбір кітаптарда кірме сөздер деп тіркелгені мені алаңдатады. Бұлар түбі түркі өзіміздің сөздеріміз емес пе? Қандай себеппен оны авторлар парсыдан келді деп жазған? Иран деп тіркелген кейбір сөздердің төркінін айтар болсақ, ант сөзі моңғол тілінде анда (құдандалы) «құда, ант-су ішкен дос», түркі тілдерінде ант «серт, уәде»; аяқ сөзі көне ескерткіштерде қазақ тіліндегідей идиш-аяқ қос сөзінде жазылған. Ал ес сөзі көне түркі ус сөзінен келген, бүгінде түрік тілдерінде «есті балаға» услу деп айтады. Ұқ деген етістік те осы түбірмен байланысты. Азық сөзі де Орхон ескерткіштерінде азуқ «жол асы» деп келеді. Аққудың екінші сыңары қу бұрын қуғу деп айтылған, түркі тілдерінде сол күйінде әлі жұмсалады. Қазіргі қазақ тілінде қу сөзіне ақ сөзі қосылып айтылып, ол форма тұрақты болып кетті. Алтын «қызыл» мағынасындағы ал түбірінен шыққан, елек елеу етістігінен, жармақ жарып бөлуден (сом, рубль секілді бөлінген тиын), батыр көне түркі бағадурдан, тамұқ таму «жану» етістігінен, тозақ тор сөзінен, жұмақ ұшу етістігінен (ұжмақ < ұшпақ), қатын болса о бастағы қағанның бәйбішесі дегеннен шыққан. Негізі жалпы туыстық атаулардың көбі сол қа түбірінен шыққан, қаң «әке», қадаш «туыс», қарындас «бауыр». Мен қараған парсы тілінің этимологиялық сөздіктердің өзінде оларға түркизм деген белгі қойылған Бұлар енді түрколог ғалымдарға, этимолог зерттеушілерге мәлім қарапайым мысалдар ғой деп ойлаймын.».

Ғалым көрші тілдердегі ортақ сөздерді басқа өркениетке теңеу тек Қазақстанда ғана емес, түркі елдерінде, тіпті Түркияда да бар мәселе деп ескертеді:

Түп-төркіні әбден анық сөздерден басқа өте көне дәуірлерде кірген бірнеше мысалдарды да талдап кетейін: біздің түркиялық ғалымдар тарапынан түбі парсы термині деп әбден тұжырымдалған шорба «сорпа» сөзі түбі түркі сөл сөзінен келген, моңғол тілдерінде ол шөлен деп жұмсалады, қазақ тілінде шүлен тарату нұсқасында сақталған. Сол сияқты иран тілінде күчеһ «көше» атауы біздегі көшу, яғни «көшуден пайда болған жол, сүрлеу» деген мағынадан ауысқан. Черағ «шыра/шырақ» сөзі жарық деген сөзіміздің протүрткі дәуіріндегі фонетикалық формасы екені айдан анық.

Түркі елдеріндегі парсыша сөздіктерде түбі иран тілінен ауысқан делінген, бірақ Жиһангир Қызылөзен тарапынан төркіні түріктікі деп дәлелденген кейбір сөздер төмендегідей: парсыдағы хордеһ «қортық» қырқу етістігінен, бутеһ «бұта» < бұтақ-тан, табеһ «табақ» < қақпақ-тан шыққан, ал чөп «шөп» атауы шыбық сөзімен төркіндес деп дәлелдейді. Талдаған мысалдар ішінде назар аударарлық тұстар аз емес: аалеһ «лала гүлі» < аллық/алалық «ала, қызыл гүл», зеһ «шек» < жаға, найзаһ «найза» < жарақ «қару», чарех «шара» < жарақ «қару, амал, әрекет», даару «дәрі» < тары.

Ғалымның қорытынды сөзімен айтар болсақ, түрік тектес халықтар әлем өркениетінің үлкен бөлшегі, әлемдегі ірі өзгерістерге себепші болған, тәңірдің сүйікті халқы. Пайғамбардың өзі хадистерінде түркілердің құдайдың таңдалған жауынгер ел екенін, әлемге ықпал ететінін жеткізген. Оны Махмұт Қашқари де «Диуани лұғатит түрк» атты сөздігінде жазады. Одан бұрын да жазылған Орхон ескерткіштерінде бабаларымыздың ерлігі, көрегенділігі суреттеледі. Алтын орда дәуірінде орыс халқын өзіне бағынышты етіп, салық төлеткен. Мәмлүк қыпшақтар Мысыр елінде сөздіктер ғана жазбай, медицина, жануартану, биология, жылқы, соғыс өнері туралы кітаптар жазған. Тарих әділеттілігін тауып қазір әлемде алты тәуелсіз әрі дамып жатқан түрік республикалары бар. Өмір заңдылығы кезекке құралған, түркі халықтарының тарихи үстемдігі әлі де орын алатынына сенеміз.

Алайда осыған қарамастан өзіміздің сөздерімізге ие бола алмай қаламыз. Иран тілінде біздің сөзіміз болса, онда бірден солардан алдық деп асығыс шешім қабылдаймыз. Бірақ біз парсы тілінен алдық деп ойлап жүрген сөздің көбі түбі түріктікі, төл сөзіміз емес пе?

Сөздік қорымыз – паспортымыз секілді. Оны сақтау біздің басты міндетіміз. Сол үшін сөздердің тарихын біліп жүрейік. Осы келтірген мысалдарды парсы ғалымдарының өзі біздікі емес дейді, ал біз болсақ олардікі дей береміз. Сөздерімізді қорғайық. Ол да біздің мұрамыз, мирасымыз. Мұражайдағы көне заттар, даладағы балбал тастар қандай қымбат болса, біздің тіліміздегі сөздер де сондай аса бағалы. Басқа біреулерге сіздердікі деп сөзімізді беріп қоюға әсте болмайды. Керісінше көне түркі тілін зерттеп, басқа тілдерді біліп, өзіміздікі екенін дәлелдеп жүру керек. Көп қазба байлықты біз шетелге бердік. Енді рухани байлығымызды жоғалтып алмайық. Ахмет Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп бекер айтпаған. Сол үшін бар байлығымызды бағалап жүрейік. Бұл айтылғандар жай мәселе емес, ұлттық мәселе. Ғалымдар кітапта парсы деп жазса, ертең жастар бізде сонда өз сөзіміз жоқ па деп ойлайды, ұлттық рух, патриотизм жоғалады, - деп сөзін аяқтады Қызылөзен мырза.

Еске сала кетсек, осы құнды тұжырымдар мен пайымды пікірлерді түркиялық ғалым Абай атындағы Қазақ ұлттық университеті Түркітану орталығының мұрындық болуымен ұйымдастырылған халықаралық семинар барысында айтқан болатын. Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығының қызметкерлері бірнеше жылдан бері әлемдік түркітанушы ғалымдардың осындай халықаралық ашық дәрістерін ұйымдастырып келеді. Кезекті ғылыми жиында түркиялық түрколог, парсытанушы Жиһангир Қызылөзен дәріс берген болатын. Семинарды ф.ғ.д., проф. ҚР ҰҒА академигі белгілі лингвист ғалым Шерубай Құрманбайұлы жүргізді. Бұл жолғы дәрісті Қазақстан мен Түркиядан елуден астам тәлімгер тыңдап, өз ойларымен бөлісті.

Өз сөзінде Шерубай Құрманбайұлы дәріс беруші ғалым тұжырымдарының орынды екенін әрі ғалымның өз тұжырымдарын дәлелдеу үшін көптеген деректерді оның ішінде, моңғол, корей, жапон тілдері мен прототүрік, көне иран материалдарын кеңінен пайдаланғанын тілге тиек етеді.

Ғасырлар бойы ұлтпен бірге жасасып келе жатқан төл сөздерімізді жатқа теліп жүрген жақсы үрдіс емес. Біздің зерттеушілеріміз Иранда туып-өсіп ол жақтағы басқа этимологиялық сөздіктерге қолы жетпегеннен, кейбір тұстарда жаңылысқаны жасырын емес. Бірақ бұрын жаңсақ айтылған пікірлер әр жылдары түзетілуде, сөздіктердің жаңа басылымдарында кемшін тұстарының жаңартылып жатқаны байқалады. Бүгінгі сабақтан да ескеретін тұстар аз емес. Жиһангир мырза зерттеуінің маңыздысы осында. Өзі Иранда туып-өсіп, кейін білімін Түркияда жетілдіріп, ғұмырын осы кірме сөздер саласына арнаған. Көптеген көне және қазіргі тілдерді меңгере отырып, мол деректерге ие болып, сөздерді әлемнің тілдерімен салыстырып, кірме сөздер деп аталып жүрген біраз атауларды өз қоржынымызға қайта салып берді. Тарихи лингвистикалық тұрғыдан үнді-еуропа және алтай тілдерін салыстырып бір дәрісте отызға тарта сөзіміздің түп-төркінін талдап берді, - деді ол.

Фото:Жиһангер Қызылөзен 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы