Мал бағу да мәртебе

Қорасында қойы маңырап, жылқысы кісінеп тұрмаса ауыл қазағына ас батпайды. Еңбектің де ең төресі сол. Осы ретте біз мал кәсібімен нәсібі тасып отырған малшы Досымбек Әкінұрді әңгімеге тартқан болатынбыз, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Досымбек Әкінұрұлы, жалпы малшылық – атадан келе жатқан кәсіп екені елге мәлім. Сіз де қой бағып, жайлау кезіп жүрген қазақтың бірісіз. Естуімізше, сіздің арғы аталарыңыз да мал шаруасына епті болған екен.

Оның рас, әкелеріміз, аталарымыздың тұрмыс-тіршілігі осы төрт түлікпен астасып жатты. Ғасырдан жалғасып келе жатқан өнегелі іс десек те болады. Бала күнімізде қозы бағып, бие саудық. Аталарымыздың соңынан ілесіп, жаз жайлауда, күз күздеуде, қыс қыстауда мал өргізіп, қозы-лақ қуалап жүрдік. Бұл өзі бүтін болмысымызға сіңіп кеткен, көшпелі өміріміздің көрінісіндей ерекше кәсіп қой. Оны біз кәсіп деп те қарамадық. Қамшы өрдік, қайыс тілдік, асау үйреттік, осының бәрі қазақтың күнделікті әдетіне айналып кетеді екен. Қанға сіңген дүние болғандықтан осы шаруаға бет бұрдық. Жанға жайлысы осы, басқа тірлікке қол жүрмеді.

Қазір мал бағудың қиыншылығы көп. Малшы таппай әлектенген кәсіпкерлерді көреміз. Мұның себебі неде?

Шынында заман өзгерді, бұрынғыдай емес құндылықтар ауысты. Ауыл қазағы мен қала қазағының арасы жер мен көктей болып алды. Таным да, түсінік те бөлек. Мал баққан адам қатарынан қалып қалған, төмен таптың өкілі көрінеді. Өзінің шыққан тегін баба жолын білмейтіндер малдан қашады. Айналайын-ау, нағыз кәсіптің төресі мен нәсіптің кеніші осында жатыр емес пе?! Әрине, қазіргі жастар жақсы қызметке барғысы келеді. Барсын, көрсін, дегенмен ауылда да жұмыс барын ұмытпасын. Осы мал баққаннан жаман болған адамды көрмедім. Құдайға шүкір, балаларымды осы еңбектің арқасында ел қатарына қостым. Әр жұмыстың өз қиыншылығы бар. Ерінбеу керек. Жаман өмір сүріп жатқанымыз жоқ.

Кеңес заманынды қоралап қой қараған адамға арнайы дәреже берілетін. Бәлкім сол идеологияны Жаңа Қазақстанға қайта әкелу керек шығар…

Кеңес өкіметі қазақ жастарының оқығанын қаламады. Бірден малға айдады. Жүз қойдан, жүз қозы алса малшыны ұжымшар басшымен бірге марапаттады. Одан қалды алдындағы қой мен ешкі өзінікі емес, мемлекеттің меншігі саналды. Оны сойып жеуге де болмайды. Бүгінде бәрі басқаша. Мемлекет басшысы «Еңбек адамы» деп әр саланың тұтқасын мығым ұстаған мамандарды насихаттауды жөн көріп отыр. Осы істі жандандыра отырып, малшы болу да үлкен байлықтың ортасында жүргенінді дәлелдейтін дүние екенін қоғамның санасына сіңіру қажет. Ақша малда, кімнің малы көп соның дәулеті тасып тұрады деген сөз. Бұл түсінікті әр азаматтың көкірегіне мықтап қондыру қажет. Мал бағып жүріп-ақ астына елде жоқ көлік мініп, үй салған азаматтар бар.

Дәулет малда деп қалдыңыз, малдан қаншалықты көп пайда табуға болады?

Қазіргі қазақтың байымай жүргені қанында жоқ тірлікке бет бұрғаны болар. Өзі білмейтін іспен айналысқан адамның кәсібі жүрмейді. Оны зерттеп, ынта-шынтасымен көңіл салмаса шаруасы домалауы күмәнді. Ал мал бағу, төрт түлікті алдыға салып алып шүйгінді жер іздеу байырғы бабадан келе жатқан дүние. Мал қарағанға бітеді, дәулет те сондай. Сондықтан малмен айналысамын деген адам алдымен өте шыдамды болуы керек. Ауруын емдеп, жем-шөбін уақытылы салып, құнарлы жерге жаю қажет. Қанша көп мал ұстасаңыз, сонша еңбектену қажет. Жесеңіз ет, сатсаңыз ақша, ешқашан ұтылмайсыз.

Жетісу аграрлы өңір, жердің дені егін алқабына айналып жатыр. Жайылымдық жер жете ме?

Біз мына Текелінің тауларының етегіне мал жаямыз. Ол жер егінге келмейді, судың да баруы екіталай. Ең бастысы шыбын, маса, сона жоқ. Малға жұмақ десек болатындай-ақ мекен. Уақ мал бір орында тұрмайды, жүріп жайылғанды жақсы көреді. Үнемі қадағалап отырамыз. Дегенмен жайылымдық жердің аздығы білінеді. Байырғыдай емес, қой аяғы талатын байтақ даланың әр бұрышы жекеменшікке өткелі малды көзден таса қылмаймыз. Маңайдағы егінге түссе обал, әрі аузына бір тисе, сонда тартады да тұрады. Пайдаланылмай бос жатқан жерлер бірте-бірте халыққа қайтып жатыр ғой. Мал бағам деген адамға мемлекет жер береді. Тіпті арнайы субсидия да беріп жатыр. Осыны пайдалана білген адам – кәсіптің көзін тапқанмен бірдей емес пе?!

Жалпы өзіңіз ата кәсіпке әуес болдыңыз, ал балаларыңыз ше? Малсақ болар?

Бала әкеден көргенін істейді. Ұлым Қанатбек ұстаз болып еңбек етсе де, қорада мал бордақылап, жылқы баптап тұрады. Мал бағу да мәртебе. Қазір адамдар қорадағы малына қарап баға береді. Жұмыстың жаманы жоқ. Жақсы өмір сүргің келсе, ерінбей еңбек етуің шарт. Қазақ әуелде «Мал-жан аман ба?» деп амандасқан, «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп өмір қағидаттарын малмен тұздықтап отырған. Сондықтан мал бағудан қашпай, жылқы үстінде, таза ауада, тұмса табиғатта жүріп, өмірдің рахатын сезінгенге не жетсін?!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы