Магистратура емтиханын ҰБТ форматына келтіру басты жаңалық – Дариякүл Қожамжарова

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жыл сайын дәстүрге айналған Тамыз конференциясы – бiлiм саласындағы жаңалықтарды жариялап, бiлгендерін бөлiсуге арналған алаң. 

Ертең болатын ауқымды конференцияда білім және ғылым саласында 2019 жылы қандай нәтижелерге қол жеткізілді, қандай нақты жетістіктер мен жоспарлар бар, осы жөнінде еліміздің әр аймақтағы ұстаздары мен педагогтары бас қосады. Түркістан облысы бойынша қатысып жатқан М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Дариякүл Қожамжарова ертең болатын Тамыз конференциясы туралы өз ойымен бөлісті.

"Бүгін Тамыз конференциясының алғашқы пленарлық жиналысы сапалы, жаңа серпінде өтті. Себебі, бұл жерде ең бастысы жиын жоғары оқу орындарымен және ғылыми ұйымдармен қатарласып жүргізілді. Басқосуда білім саласындағы тазалық, сапалы білім беру, оқу ісі жөніндегі жауапкершілік пен шынайылықтың оқу процесіне енгізу мәселесі қаралды. Сонымен қатар, қазірге кезде оқу орындарының кредиттік технологияға өткізілуі, оның дайындық барысы мен сапасына байланысты мәселе көтерілді", - деді Дариякүл Пернешқызы.

Оның айтуынша, Тамыз конференциясының алдын ала өткен пленарлық жиынында цифрландыру мәселесі көтерілген. Халықаралық және мемлекеттік аренада цифрландыруды бастау, оған еліміздің мүмкіндіктерін келтіру туралы білім және экономика, тағы басқа саладағы вице-министрлер сөз сөйлеп, өз ойларын талқыға салған.

«Жиында жалпы білім беру мектептері, жоғары оқу орындары, ғылыми ұйымдар – осы үшеуінің арасындағы байланыс туралы сөз қозғалды. Содан кейін жоғары оқу орындағы қазір 4.0-ден үлкен критериий бар, бұл критерий жалпы кешенді даму бағдарламасы деп аталынады, яғни кез келген жоғары оқу орындарында өз ғылымы мен ғалымын өздері шешу мәселесі айтылды. Сосын ең үлкен басты жаңалық, магистратураға, докторантураға түсу кезеңіндегі емтиханды ҰБТ формасына келтіру және оны халықтың санасына енгізу жаңалық болып есептелді», - деді М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Дариякүл Қожамжарова.

Айта кетейік, аталған университетте былтыр студенттер саны 1157 болса, биыл оқу орнының жаңа филиалдарының ашылуына байланысты студенттер саны 2-3 есеге көбейіп, 3746-ға жеткен. Бұл Өзбекстан Республикасы, Ташкент қаласынан өкілдіктің ашылуына байланысты және еліміздегі Ақтау мен Қарағанды қалаларындағы өкілдіктердің есебінен артып отыр. Осыған орай, бүгінгі таңда сол қалалардағы білім беру ісіндегі жаңа бағдарламаларға сәйкес, жаңа мамандықтарды қабылдап жатыр. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы