Мәдениет министрлігі өңірлік логотип қағидаларын әзірледі

Ережеде логотипте ресми атаулардың мемлекеттік тілде жазылу керектігі шегеленіп жазылған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстан аймақтарында (республикалық маңызы бар қалалар мен облыстар) өңірлік нышандарды әзірлеуге қатысты ереже әзірлеп, Ашық НҚА порталында қоғамдық талқыға ұсынылды.

Ережеге сәйкес, өңірлік нышандардың жобасын әзірлеуде геральдикалық тәртіпті, мемлекеттік мүддені, ұлттық құндылықтар мен дәстүрді, халықтар бірлігін, мәдени, тарихи, географиялық, саяси, әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктер ескеріледі.

Алайда, мемлекеттік рәміздердің элементтерін қолдануға, сондай-ақ діни, рулық, тайпалық, қоғамда алауыздық туғызуы мүмкін өзге де белгілердің бейнеленуіне тыйым салынады.

Рұқсат етілмейтін бейнелер тобына, сонымен қатар мемлекеттік саясатқа, идеологиялық позицияға, елдің бірлігіне теріс әсер ететін бейнелер де жатқызылған.

Тағы бір маңызды талап – өңірлік нышандарда ресми атаулар мемлекеттік тілде жазылуы керек.

Логотип жобасы бұрын қолданыста болмаған, елді мекеннің келешек бағыт-бағдарын айқындайтын тың туынды болуы тиіс. Сәйкесінше, авторлық құқықты бұзуға немесе плагиатқа жол берілмейді.

Сондай-ақ ережелер жобасында археологиялық, архитектуралық, балбалдық, таңбалы тастардағы белгілерді қолдануға болатыны жазылып, ұлттық этнографиялық элементтерді (ою-өрнектерді) пайдалануға шектеу қойылмайтыны баяндалған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: baq.kz
Өзгелердің жаңалығы