Мұхамедиұлы мемлекеттік тілдегі титрлардағы қателер туралы пікірін білдірді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Facebook-тегі жеке парақшасында «Мумбаи отелі: Тайталас» фильмінің мемлекеттік тілдегі титрларына байланысты пікірін жазды.
«Достарым, кинокөрсетушілер фильмдердің қазақ тіліне аударылуын қамтамасыз ету барысында туындаған мәселемен бөліскім келіп отыр. Биыл қабылданған «Кинематография туралы» заңға сәйкес прокаттағы фильмдерде титр беру немесе дубляж арқылы мемлекеттік тілге аударуды кинопрокат құқығын иеленуші дистрибьютор қамтамасыз етеді. Мемлекеттік тілге кәсіби дубляж жасалған фильмдердің сирек кездесуінің себебін түсіндіруде дистрибьюторлар оның қымбатшылығына сілтейді: дубляжға жұмсалған қаржы фильмнің Қазақстандағы көрсетілімінен түскен пайдадан асып түсуі мүмкін, сондықтан көбінесе титр арқылы аудармаға жүгінеді», - деп жазды министр.
Сонымен қатар, министр титрларда жіберілетін қателерге де тоқталды.
«Өкінішке қарай, фильмдерді қазақ тіліне аударғанда кейбір кинокөрсетушілер тарапынан қателерге жол беріледі. Мысалы, «Мумбаи отелі: Тайталас» фильмінде осы жағдай кездесті. Көрермендерден түскен шағымдар негізінде аталған фильмнің прокатқа берілген куәлігін алып қою туралы шешім қабылдадық. Кинопрокат құқығын иеленушілерге фильмдерді мемлекеттік тілге грамматикалық қатесіз, мағынасын түсінікті етіп, көрермендердің ренішін тудырмайтындай қылып аударуды өтінемін. Қатаң шара қолданғымыз келмегенмен, «Кинематография туралы» Заңның іске асуы біз үшін өте маңызды. Сіздер түсіністікпен қабылдайды деп сенемін», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
ШҚО әкімдігі Қытай инвесторларына жер сатылатынын жоққа шығарды
Келесі жаңалық
Көкшетауда полицейлер тұрғындарды өрттен құтқарды
Өзгелердің жаңалығы