LRT құрылысында 1,2 млрд долларды үнемдедік – Көлгінов
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. LRT құрылысына жұмсалатын қаржы үнемделді. Бұл туралы ҚР Президентінің жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің алаңында есеп беру кездесуінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді.
Президент тапсырмасы бойынша LRT құрылысының жобасын айтарлықтай оңтайландыру жұмыстарын жүргіздік. Өздеріңіз білесіздер, осы жобаға байланысты көптеген сын айтылды. Ең басында Қытайдың коммерциялық банкінен 20 жылға несие алдық. Бірақ осы 20 жыл ішінде 800 млн доллар артығымен төлейтін болдық. Осы себепті, біз ол несиеден бас тартып, ішкі займдарға көштік, – деді Көлгінов.
Оның сөзінше, қабылданған шаралардың қорытындысы бойынша 1,2 млрд доллар қаражат үнемделеді. Оның ішінде қарыз бойынша үнемдеу 800 млн доллардан асады, құрылыс-монтаждау жұмыстарында үнемдеу – 350 млн доллар. Аялдама станциялары 18-ден 11-ге дейін, ал жылжымалы құрам 19-дан 12-ге дейін қысқартылды.
Қазір 7 станцияға азайды. Бастапқыда жоба бойынша қозғалыс интервалы 3 минутты құрау керек болатын. Бірақ біз тұрғындар саны мен жүктемені ескердік. Мамандармен кеңесе отырып интервалды 10 минут етуді жөн көрдік. Сол сияқты 7 құрам азайды. Бұл да экономикалық тұрғыда айтарлықтай үнемделді. Бұған қоса жерасты өтпелі жолдар болды. Оларды да қысқарттық. Нәтижесінде 350 млн доллар үнемделді. Ал түптеп келгенде шамамен 1,2 млрд теңге үнемделді. Көрдіңіздер ме, жобаны қанша көлемде арзандаттық. Жалпы алғанда алдымызда LRT құрылысын аяқтау тапсырмасы тұр. Себебі, жұмыстың біраз бөлігі жүргізілген, инфрақұрылым тұрғызылған, – деді қала басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елорданың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндаған еді. Сонымен қатар, Көлгінов халық санының көбеюіне байланысты жыл сайын 10 мектеп салу керек екенін айтқан еді. Сондай-ақ, Есілдің бойында үш көпір салынатынын да айтқан еді. Сонымен қатар, келер жылы елордада екі оңалту орталығы салынады.