Лингвист, инженер, филолог: Биыл қандай профессионалдар оқу бітірді
Өткен аптада Nazarbayev University түлектері салтанатты түрде диплом алды. BAQ.KZ тілшісі студенттермен әңгімелесіп, университеттегі білім сапасы, оқу бағдарламалары мен қандай мамандықта оқуға болатыны жайлы біліп қайты.
"Бір тілде сөйлесек те, неге айырмашылық бар"
Жансая Тұрәлиева Әлем тілдері және мәдениет мамандығы бойынша бакалавр атанды. Ол өзінің студенттік өмірі жайлы әңгімелеп берді.
Университет мені өзінің қызықты курстарымен баурап алды. Студенттік өмір өте қызықты болды. Сабақтан шыққаннан кейін екі-үш іс-шараға қатысатынбыз. Назарбаев университеті зерттеумен айналысуға бағытталған ЖОО болғандықтан бізге көптеген зертеу жұмысын жүргізуге мүмкідіктер бар. Әлем тілдері мамандығында оқығандықтан тілдер туралы көбірек білгім келді. Сөйтіп бірнеше зерттеу жүргізіп, соңғы оқу жылымды қазақ тіліндегі фонологиялық зерттеулерге арнадым, - деп айтты Жансая Тұрәлиева.
Ол оқып жүргенінде өзі жүргізген зерттеулерін конференцияларда таныстырғанын айтты. Студент бұл оған үлкен тәжірибе болғанын айтады.
Сонымен қатар ол университетте лингвистика саласын дамытқысы келіп, унверситет деңгейінде олимпиада ұйымдастырған.
Жансая сөз арасында тілді оқытатын мамандықты не себепті келгенін айтты.
Мен Батыс Қазақстан облысынанмын. Онда тұрғындар диалектпен сөйлейді. Осылайша кішкентайымнан диалектке қызығушылық танытып, "біз бір тілде сөйлесек те, неге айырмашылықтар бар?" деген сұрақтар қоятынмын. Қазақ тілін зерттеумен қатар, Батыс Қазақстанның диалекті туралы да зерттеулер жүргіземін, - деп айтты NU түлегі.
Жансая қазақ тілінде, орыс тілінде, ағылшын тілінде еркін сөйлейді. Сонымен бірге ол корей және француз тілдерін де меңгерген.
Негізі мектеп оқып жүргенімде техникалық салаға, яғни математика, физика және инженерия бағытына барамын деп ойлайтынмын. Гуманитарлық дағдыларым болса да, лингвистиканы таңдаймын деп ойлаған жоқпын. Алайда университетке түскеннен кейін, гуманитарлық ғылымдар жақсы дамығанын көрдім. Бұл мен үшін жаңадан ашылған әлем болды. Көптеген терминді зерттеп білдім. Лингвистиканы мектепте терең оқығанымен, ғылым ретінде осынша зертеулер жүргізуге болатынынын білмеппін, - дейді Жансая.
Ол сөз соңында өзі қатарлы студенттерге, талапкерлерге кеңесін берді.
Ешқашан мойымаңыз, қиындықтар туындап жатса, өзіңізді қолыңызға алып, алға жүре беріңіз. Бұл кеңес кезінде өзіме де көп көмегін тигізді. Сол себепті ешқашан мойымай алға жылжу керек, - дейді отандасымыз.
"Бала кезімде сүйікті ойыншығым құрастырғыштар болды"
Равиль Ашамамедов NU университетінің бакалавриат бағдарламасы бойынша Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебіндегі, "Механикалық және аэроғарыштық инженерия" мамандығын бітірген. Ол Павлодар облысында НЗМ түлегі.
Инженерия мен физика, математика салаларына деген махаббатым бала кезден пайда болған. Әкем инженер. Ол мені қасына ертіп жүретін. Балалық шағымда сүйікті ойыншығым машина, робот не болмаса түрлі ойыншықтар емес, құрастырғыштар болатын. Осы себептен де бұл салаға сүйіспеншілікпен келдім, - деді студент.
Равиль сөз арасында осы оқуын жалғастырып, магистр атанғысы келетінін айтты.
Университетке енді түсетіндерге де өз ақылын айтып, мақсатқа жету үшін алға ұмтылу керек дейді.
"Қатарымнан қалғым келмеді"
Аружан Сатыбалдиева биыл Назарбаев университетінің “Халықаралық қатынастар және саясаттану” мамандығын бітірді. Сапалы білімнің ауадай қажет екенін түсінген Аружан өзінің университет қабырғасында жасаған авторлық жобалары жайлы сөз етті.
Бірінші жобам ателье ісі болатын. Осы жоба аясында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған киімдер тіктім. Кейін карантин басталып кетіп, жобаны соңына дейін жеткізуге мүмкіндігім болмады, - дейді Аружан Сатыбалдиева.
Қазақ тілі сөздігін жасаған Илья
Илья Разоренов "Әлем тілдері әдебиеті және мәдениет" мамандығының бірінші лектегі түлегі. Қостанай облысы, Рудный қаласынан. Университетке түспестен бұрын ағылшын тілін білмеген. Ол сұқбат бергенде сөздік жасауға қатысқаны, шетелге алғашқы сапары жайлы айтты.
Мен оқуға түспестен бұрын ағылшын тілін мүлдем білмедім, тіпті сабақ барысында профессорлардың не деп жатқанын да түсінбедім. Рудныйдан шыққан қарапайым ғана бала болатынмын. Қазір міне маман иесі атанып шықтым, - деді ол.
Түлек өзінің қазақ тілінің сөздігін жасауға атсалысқаны, шетел асқан алғашқы саяхаты туралы айтып берді.
Университетте мен ғылыми қызметкер болдым, қазақ тілінің алғашқы сөздігін жасадық, мен сонда болып көмектестім, әр жаз сайын зерттеу жүргіздік. Сөздікке қазақ тілінің жаңа сөздерін қостық. Бұл жоба маған саяхаттауға мүмкіндік берді, - деп айтты Илья.
Енді ол оқуын Еуропада жалғастырмақшы.
Эльнура Бисенғали