28 Шілде 2026, 15:22 Фото: видеодан алынған кадр

Лайк пен донат үшін TikTok-та шектен шыққан тоғыз қазақстандық жауапқа тартылды

Балағат, төбелес, жалған ұрлау көрінісі және хайп үшін түсірілген эфирлер назардан тыс қалмады. ІІМ цифрлық кеңістіктегі бақылауды күшейтетінін айтты.

Қазақстан Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілерде заңға қайшы контент жариялаған тоғыз автордың әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ІІМ «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында цифрлық кеңістіктегі құқық бұзушылықтарға бақылауды күшейтіп жатқанын атап өтті. Ведомствоның мәліметінше, кейбір әлеуметтік желі қолданушылары лайк, қаралым мен донат жинау үшін заң талаптарын елемей, қоғамға қауіпті әрекеттерге барып жүр.

Министрліктің айтуынша, TikTok-тағы тікелей эфирлерде балағат сөздер айту, әдепсіз әрекеттер көрсету, қауіпті пранктер ұйымдастыру, адамдарды қорлау сияқты заңға қайшы әрекеттер жиілеген. Ең алаңдатарлығы – мұндай эфирлерді кәмелетке толмаған балалардың да күн сайын көруі.

Астанадағы блогерге айыппұл салынды

Астана қаласының 37 жастағы тұрғыны, TikTok-та «Бауырсақ» лақап атымен танылған Ештаева Индира Оразқызы тікелей эфир барысында балағат сөздер айтып, заңсыз контент таратқан. Оның әрекеті ұсақ бұзақылық ретінде бағаланып, әкімшілік айыппұл салынды.

Алматы тұрғыны бес тәулікке қамалды

Алматы қаласының 32 жастағы тұрғыны Батырбек Ақтөре Сейсембекұлы да тікелей эфир кезінде балағат сөздер айтып, айналасындағыларды қорлаған. Сот шешімімен ол бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Шымкентте «адам ұрлау» көрінісін қойған

Шымкент қаласында 20 жастағы Сейдалиев Данияр аудиторияның назарын аудару үшін тікелей эфирде электрошокер қолданып, адам ұрлау көрінісін әдейі ұйымдастырған. Сонымен қатар эфир барысында балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған. Сот оны сегіз тәулікке әкімшілік қамауға алды.

Жамбыл облысында бірнеше адам жауапқа тартылды

Жамбыл облысында «Алтын қыз» лақап атымен танылған 41 жастағы Қасымова Лайло Джубанышбекқызы бірнеше рет тікелей эфирге шығып, балағат сөздер айтып, заңға қайшы контент таратқан. Оған әкімшілік айыппұл салынды.

Сондай-ақ осы өңірде 19 жастағы Байбек Жарқынай мен Танаберганов Асылжанның TikTok-та донат жинау және аудитория тарту мақсатында тікелей эфир кезінде бір-біріне әдейі дене жарақатын салып, «хайп» үшін контент жасағаны анықталған. Екеуі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Анонимді аккаунтқа сенбеңіздер»

ІІМ азаматтарды әлеуметтік желідегі әрекеттері үшін жауапкершіліктен жалтарамыз деп ойламауға шақырды.

Ведомствоның мәлімдеуінше, құқық бұзушылардың жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін барлық қажетті техникалық және құқықтық құралдар бар. Сондықтан интернетте жасалған әрбір құқық бұзушылық анықталып, заң аясында тиісті шара қолданылады.

Сонымен қатар министрлік алдағы уақытта құқық бұзушылардың есімдерін профилактикалық мақсатта жариялап отыратынын жеткізді.

ІІМ: Цифрлық кеңістікті заңсыз контенттен тазарту жалғасады

Министрлік қоғамдық мінез-құлық мәдениетін бұзатын, жастарға теріс үлгі көрсететін, дөрекілік, зорлық-зомбылық, адамдарды қорлау, әдепсіз әрекеттер және қоғамдық тәртіпке қайшы басқа да іс-әрекеттер арқылы танымал болуға ұмтылатын тұлғаларға қатысты жұмыс жүйелі түрде жалғасатынын мәлімдеді.

Ведомствоның дерегінше, азаматтардың басым бөлігі мұндай контентті құптамайды және әлеуметтік желілердегі заң бұзушылықтарға қатысты полицияға жиі жүгінеді. Әрбір өтініш міндетті түрде қаралады.

ІІМ ресми өкілі, департамент бастығы Шыңғыс Алекешевтің сөзінше, «Заң мен Тәртіп» – жай ғана ұран емес, әрбір азамат үшін міндетті қағида. Министрлік оның сақталуын шынайы өмірде де, цифрлық кеңістікте де қамтамасыз етуді жалғастырады.

Еске салсақ, бұған дейін ҚР Ішкі істер министрлігі коммуналдық қызмет атын жамылған алаяқтар туралы ескертті.