Лайфхак. Тез баю немесе ақша жинаудың әлемдік тәжірибесі

Қаржылық сауат дегеніміз не? Ақшаны қалай үнемдеп, болашаққа жинауға болады немесе жиған-терген қаржыны қалай көбейтуге болады? Осындай қарапайым болса да, күрделі сұрақтардың жауабын іздеп көрдік, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Соңғы жылдары елімізде қаржылық сауат мәселесі өте өзекті. Оған түрлі себептерге байланысты қаржылық сауатын, білімін арттырғысы келетіндердің қатары көбейіп келе жатқаны дәлел. 

Жақында ғана ақша саласындағы білімін арттырғысы келетіндерге арналған қазақ тілінде кітап жарық көрді. Кітап «Инвестиция әліппесі. Ақшаны қалай көбейтеміз?» деп аталады.

Кітаптың авторы қаржы саласының сарапшылары - Ерқанат Әбени, Бауыржан Шурманов және Ербол Азанбек.

Тез баюдың жолы жоқ немесе Ақшаны қалай көбейтуге болады?

Қаржыгер Ерқанат Әбени ақшаны көбейткіңіз келсе, әуелі тәуекелге бара білу керегін айтады.

Тез байып кетудің жолы жоқ. Қор нарығында ақшаны тез табуға да, дәл солай тез жоғалтуға да болады. Көп адам қалай байып кетсем болады деп ойлайды. Ақша жинау үшін алдымен адам тәуекелді, қауіпсіздікті үйреніп алуы керек. Яғни салған ақшаны жоғалтып алмаудың жолдарын үйренген абзал, - дейді кітап авторларының бірі.

Ал Бауыржан Шурманов ақша аспаннан түспейтінін айтып, оны көбейту үшін әрекет ету қажеттігін түсіндірді.

Ақшаны көбейту үшін қиын құралдарға ақша салу керек. Сондай-ақ егер адам ақша ұстай алмайтын болса, онда кез келген уақытта шеше алмайтын депозиттерге құйғаны дұрыс. Мысалы, бір жылдық. Тағы бір жолы – алтын сатып алу. Ақша аспаннан түсе салмайды. Ақшам көп болсын десең, әрине әрекет ету қажет. Жұмыс күніңді дұрыс құрып, қосымша жұмыс істеуге болады. Мысалы, бала кезімде анам қарапайым еден жуушы болып бірден төрт жерде жұмыс істеді. Айлығы директордың жалақысынан көп болды, - деп айтты қаржыгер.

Қаржылық сауат – күрделі есеп емес

Журналист, қаржы саласының сарапшысы және кітап авторларының бірі Ербол Азанбек қаржылық сауатты көбі математика, күрделі есеп деп ойлайтынын айтады.

Өткен 30 жылда қаржылық сауат саласына ешкімнің, қарапайым адамдар да, мемлекет те көңіл бөлмеді. Адамдар қаржы құралдарынан кредит алып, қиын жағдайға тап болғанда ғана қаржылық сауатын арттырды. Мемлекет орта білім саласында, жоғары оқу орындарында қарапайым қаржылық сауаттың әліппесін қалауы керек еді. Өйткені қазір адамдардың көпшілігі қарапайым дүниелердің өзін түсінбей, сұрап жатады. Сол себепті мектеп бағдарламасында қаржы сауаттылығын үйрететін сабақ өткізілуі керек. Қаржылық сауат қарапайым адамдарға да, мемлекетке де керек. Мысалы, адамның қаржылық сауатының төмен болуы оның өзіне ғана емес, сонымен бірге мемлекеттің экономикалық дамуына да әсер ететінін көріп отырмыз, - деп ойын айтты ол.

Сөзінше, адамдар қаржылық сауат мәселесінде ақшасын көбейтіп, оны басқару керек екенін енді түсініп жатыр. Оған осы тақырыпта жазылған ақпараттарды оқығанынан, қаржылық сауаттылық туралы кітаптарға сұраныстың артқаны дәлел. 

Бірақ қазір мұны көп жағдайда алаяқтар пайдаланып жатыр. Мысалы, түрлі брокерлік компаниялар, қаржы алаяқтары, қаржы пирамидалары. Олар «ақшаңызды көбейтіп береміз» деп ұрандатып, адамдарды тартады. Адамдар «қаржылық сауатты» математикалық формуламен есептейтін күрделі процесс ретінде ойлайды. Дегенмен қаржылық сауат – ол тапқан табысты үнемдеу, оны жеткізе алу және жинай алу. Ақша жинай алуы үшін адам қосымша жұмыс істеуі керек. Себебі бір жұмыстың айлығымен бір отбасыны асырай алмайсың, - деп есептейді Ербол Азанбек.

Ақшаны қандай валютада сақтаған дұрыс?

Кітап авторларының ойынша, шығын қандай валютада болса, ақшаны сол валютада ұстаған, сақтаған дұрыс.

Табыстан шығын көп

Енді «Инвестиция әліппесі. Ақшаны қалай көбейтеміз?» кітабында жазылған ойлардың кейбірін өздеріңізге бөлісіп көрейік.

Қаржылық сауаттың басты қағидасы – табыстан аз жұмсау. Кірістің шығыннан көп болуы үшін бюджетті қадағалап отырған дұрыс.

Авторлардың ойынша, басты мәселе адамның табысының аздығында емес, ақшаны қажетсіз дүниелерге жұмсауында. Көп ақша табу – бай болу дегенді білдірмейді. 

Көбірек табыс табудың жолын білумен қатар, үнемдеуді үйрену де маңызды. Табыс неғұрлым жоғары болса, соғұрлым азғыру мен негізсіз шығын көп болады. Өз-өзіңізді ұстап, қажет емес нәрселерден бас тарту керек.

Жылдар өте біз өзіміздің мүмкіндігімізден тыс өмір сүріп жатқанымызды түсіне бастаймыз. Егер оны ақылмен басқарсақ, болашақта көлік, пәтер, акциялар түрінде осы жұмсалған ақшаның құнын жинай алар едік.

Кемел адамның бір белгісі – ақшаны басқара білуі. Егер адам өз қаражатын басқаруға қабілетсіз болса, оған қалай сеніммен қарайсыз? Байлыққа жол ашатын қомақты табыс емес, үнемдеу мен қаржы сауаты.

Тез әрі асығыс шығындарға «жоқ» дей алудың маңызы зор. 

«Артық» ақшаны жұмсау дұрыс па, бұрыс па?

Алдымен адам үнемдеуді үйренуі керек. Бай – ол кім? Бай – көп сатып алатын емес, керісінше ақшаны босқа жұмсамауды білетін адам. Өзін-өзі құрметтейтін адам болу үшін алты ай бойы тиіспейтін қаржы болуы керек.

«Артық» ақшаны қалай жинап үйренуге болады? Ол үшін әр табыстың белгілі бір бөлігін үнемдеуді әдетке айналдыру қажет. Бөлек шот ашып, ақшаны сонда аударып отыруға да болады. Кейін қажетті сома жиналған соң, оның енді сізге жұмыс істеуі үшін пайдалы іске салыңыз. Ақша жинақ түрінде қозғалыссыз жатса, инфляция салдарынан оның бір бөлігін жоғалтып алу қаупі бар. Сондықтан алдымен депозит ашу арқылы пассив кіріс алу қажет. Содан кейін акциялар мен облигацияларға инвестиция құюды бастауға болады.

Ақша жинай алмауда түрлі қателіктер болады. Мысалы, күнде кофеге шығындалу, дүкенге тізімсіз бару, заттарды жеңілдіксіз, толық бағасымен сатып алу, той-томалақты несиеге батып жасау, соңғы үлгідегі смартфондарды себепсіз сатып алу, құмар ойын ойнау.

Білім. Ақша мен бала

Баланы кішкентайынан бастап ақшаны құрметтеуге үйрету керек. Балаға қаржы тәрбиесін және білім беруді бала қалта шығындарына ақша сұраған кезінен бастаған дұрыс.

Сарапшылардың айтуынша, қор нарығында табысқа жетудің негізгі кілті – білім. Тек білім ғана тәуелсіз инвестициялық шешім қабылдауға негіз бере алады. Сондықтан бастапқы кезеңде өзіңізге, дамуыңызға инвестиция салған дұрыс. Бұл адамның жасына, әлеуметтік мәртебесіне және материалдық жағдайына қарамастан, кез келген инвестициялық бағдарламаның міндетті тармағы. Өйткені, білімсіз кез келген салада жетістікке жету мүмкін емес.

Әлемде қаржылық сауат жөнінен батыс елдері бірінші орында. Олар инвестиция бала кезінен басталатынын біледі. 

Ұлыбритания

Ұлыбритания билігі 2008 жылы басталған дағдарыс салдарымен күрес мақсатында қаржылық сауат дәрістерін бастауды ұйғарды. Алғашында «Ақшаны басқару» атымен қосымша ретінде оқытылды, кейін математика пәніне курс ретінде енгізілді.

2014 жылы ел мектептерінде қаржылық сауат жеке міндетті пәнге айналды. Бастауыш мектепте балаларға үш жыл бойы жеке шоттардың не екенін және оларды қалай жүргізу керегін айтады. 

Чехия

Чехиялық бастауыш және орта мектепте Financni gramotnost (қаржылық сауат) деп аталатын пән бар. Балаларға ақшаның не екенін, жеке кіріс пен шығынды бөлу, бақылау және реттеуді түсіндіреді. Оқушылар салық, коммуналдық төлемдер, азық-түлік пен киім-кешекке жұмсалатын шығын, тұрғын үй мен автокөлік сатып алуға жұмсалатын қомақты шығын, сондай-ақ қаражатты жинау, салу және жеке бизнесін ашу туралы ақпарат алады.

Жапония

2007 жылы Қаржылық қызметтер жөніндегі орталық ақпарат кеңесі барлық мектеп пен университетке міндетті қаржылық білім беру бағдарламасын жариялады.

Бағдарлама бойынша студенттер ақшаның әртүрлі функциясы мен қаржы операцияларының рөлі туралы білім алады. 

Жапонияда 6-7 жаста бала тауардың немесе қызметтің құны қандай екенін түсініп, өз бюджеті шеңберінде сауда жасай алып, қалтадағы ақшаны үнемдей алуға тиіс.

Ал 8-9 жасында қажеттіліктер мен мүмкіндіктерді ажырата біліп, бюджет көлемін түсініп, қаржы жоспарын жүргізе білуі қажет.

10-11 жасында жапон оқушылары зат сатып алуды жоспарлау және оларды тиімді сатып алу мен депозит шарттары туралы да біледі.

12-14 жаста оқушыларға үй шаруашылығының кірісі мен шығысы туралы айтылады, облигациялар мен кредит, тәуекел мен табыс туралы білім беріледі.

15-17 жас аралығында оқушыларға ақшаны қалай басқаруды және ұзақмерзімді қаржылық жоспарлауды үйретеді.

Швеция

Балаларға акциялар мен облигацияларды сыйлыққа беру шведтер үшін қалыпты жағдай. Өйткені капитал баламен бірге өседі.

Швецияда балаларды жынысқа бөлмейді және тек ботқа пісіруді ғана емес, сонымен қатар үй бюджетін жүргізуді бірге үйретеді. Бұл тақырып «үй экономикасы» деп аталады. Оның бағдарламасына өнімді сауатты сатып алуды үйрету, шотты төлеу және несие бойынша төлемді есептеу кіреді. 

Швецияда қарызға ақша алу және қарызға беру жат әрекет. Мұны ешкім жасамауға тырысады, өйткені әдепсіздік саналады. Шведтер бар қаражатымен өмір сүру үшін мұқият жоспарлауға тырысады. Егер жаңа көлікке ақшасы болмаса, несие отбасылық бюджетке салмақ түсіретін болса, онда ескі көлікпен жүре береді немесе қоғамдық көлікті пайдаланады.

Қазақстан

Сарапшылар біз мектеп бағдарламасымен мақтана алмаймыз деп есептейді. Өйткені университеттегі дәрістер тәжірибеден алыс. 

Әртүрлі семинарларға қатысып көрдік, тек ұмытылған теорияларды еске түсіреді. Әсіресе тұрмысы төмен мұғалімнің залға келіп, бәріне миллионер, инвестор болуды үйретуге тырысқаны күлкілі жайт болды, - деп жазады кітап авторлары.

Қаржы саласының сарапшылары атап өткендей, ақша жинауды бастау үшін қарапайым күнделікті қажетсіз шығындардан арылып, қаржыны қайда жұмсау, оны қалай жинау керегін жоспарлау қажет. Қарапайым тәсілдерді қолданып, нәтижесін бір айдың ішінде-ақ көруге болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы