Латын графикасы. Биыл жаңа емлені халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізіледі
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Астанада өткен қазақ тілін латын графикасына көшіру аясында бірнеше жоба таныстырылды. Осыған орай өткен жиында 2019 жылы тіл мамандарына қазақ тілінің латын графикасын оқыту жұмыстары жүрілетіні туралы айтылды.
Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы бас директорының міндетін атқарушы Ербол Тілешов мәлімдеді.
«Біздің орталықтың негізгі бағыты - ғылыми сараптамалар жүргізу, сондай-ақ жаңа әліпбидің емле ережелерін халыққа таныстыру және қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз ету. 2018 жылы жаңа әліпбидің емле ережесі сараптаудан өтті, шілде айынан желтоқсанға дейін жүргізілді. Атап айтқанда, 6 желтоқсанда Үкіметтің жанындағы ұлттық комиссияда әліпбидің емле ережелері мақұлданды», - деді Ербол Тілешов.
Оның айтуына қарағанда, биыл латын графикасына көшу бағытында мұғалімдерді даярлау шаралары іске асырылады.
«2019 жылдағы негізгі жоспарға тоқталсақ, бекітілген емле ережені халыққа үйрету бағытындағы шараларды іске асырамыз. Осы бағытта қажетті мамандарды даярлауға екпін қоямыз. Соған байланысты Білім және ғылым министрлігі 9 038 адам, Мәдениет және спорт министрлігі 2 400 адамды оқыту жоспарланған. Бұл тұрғыда «Тіл-Қазына» орталығы 2 400 адамды Астанада оқытады. Еліміздегі мемлекеттік тілді оқыту орталықтарындағы ұстаздар мен әдіскерлер қамтылады. Біздің министрлік (ҚР МСМ - ред.) ересек адамдарды оқытуды қолға алады. Ал Білім және ғылым министрлігі мектеп, колледж, университеттерді қамтиды. Атап айтқанда, ең бастапқыда халықты оқытатын ұстаздардың құрамын дайындауымыз керек», - деді ол.
Сонымен қатар ол осы бағытта 72 сағаттық оқу бағдарламасы жасалғанын айтты.
«Наурыз айының аяғына қарай, біз оқу құралын дайындауды аяқтаймыз. Оқу құралы сайтқа салынып, көп тиражбен халыққа таратылады. Сосын барлық өңірлерде семинарлар ұйымдастырылады. Мұнымен қоса, орталық атқарушы органдар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, кітаптарды латын қарпінде шығаратын баспа редакторлары оқытылады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді, яғни биыл онлайн сабақтарды дайындаймыз. Осы онлайн сабақ халыққа қолжетімді болады», - деді Ербол Тілешов.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Астанада қазақ тілін латын графикасына ауыстыруға қатысты бірнеше жоба таныстырылған болатын.