Қызылорданың «бренді» әлемнің 14 еліне экспортталады
Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысының «бренд» өнімдері әлемнің 14 еліне экспортталады. Биыл төрт ай ішінде күріш өнімінің 24,6 тоннасы сырт елдерге жөнелтілді.
Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тлеулеева Айнұр Маратқызымен сұхбаттасқан болатынбыз.
- Айнұр Маратқызы, сіз басқарып отырған саланың негізгі көрсеткіштеріне тоқталсақ. Жыл басынан бері өнім көлемі артты ма? Пандемия бұл салаға өз салқынын тигізді ме?
- Әлемнің бар түкпіріне тараған коронавирус індеті қай салаға болмасын ыңғайсыздық туғызды. Дегенмен ел ішіндегі маңызды салалар өз жұмысын тоқтатқан емес. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласы бойынша оң жетістіктерге қол жеткізілді.
Атап айтар болсақ, аймақта жыл басынан сәуір айына дейін 17,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім 2,8% артты. Ал тамақ өнімдерін өңдеу биыл төрт ай ішінде 16 миллиард теңгені құрап, 2,8% артты. Сонымен қатар ауыл шаруашылығының негізгі қорына 1055,8 миллион теңге инвестиция салынып, бұл көрсеткіш бойынша да өсім бар. Яғни, 13,7% көбейді. Ал тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға 147,5 миллион теңге инвестиция салынды.
- Облыста егіс көлемін әртараптандыру бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
- Ағымдағы жылы өңірде 188,2 мың гектар жерге егiн егу жоспарланды. Оның 96,6 мың гектарына дәндi дақылдар, 6,7 мың гектар жерге майлы дақылдар, 66,4 мың гектарға мал азықтық дақылдар, 18,5 мың гектар жерге картоп, көкөнiс, бақша өнімдері және 84,4 мың гектар аумаққа негізгі дақыл күріш егіледі. Ал егіс көлемдерін әртараптандыру бағытында қосымша биылғы жылы 98 гектарға соя дақылын, 40 гектарға қант құмайын және 66 гектарға жеміс-жидек, жүзім отырғызу жоспарланып отыр.
Бүгінгі күні аймақта су тапшылығы басты мәселеге айналып отыр. Осы проблемаға байланысты су үнемдеу технологиясы қолданылуда. Биылдан бастап тамшылатып суару әдісімен 3 мың гектар жерге қызанақ, жаңбырлатып суару әдісімен – 87 гектарға жүгері және 10 мың гектар жоңышқа егу қолға алынды.
- Биыл қанша гектарға күріш егілді?
- Қазіргі таңда облыста ерте егілетін 4,1 мың гектар жаздық бидай, 325 гектар жаздық арпа, 5 гектар сұлы, 6,6 мың гектар мақсары, 40 гектар қант құмайы, 21,6 мың гектар жаңа жоңышқа дақылдары егілді. Сонымен қатар 43,9 мың гектар ескі жоңышқа мен 6,7 мың гектар күздік бидай күтімге алынды.
Сонымен қатар, жоспарланған 787 гектар дәндік жүгері, 325 гектар сүрлемдік жүгері, 53 гектар соя, 56 гектар күнбағыс, 130 гектар мал азықтық асқабақ, 2267,6 гектар картоп, 3801 гектар көкөніс, 5834 гектар бақша дақылдары егілді..
Қазіргі таңда негізгі дақыл күріш егу жұмыстары барлық аудандар мен Қызылорда қаласында жаппай жүргізілуде.
Бүгінгі күнге, 67 577 гектарға (80,5%) дән себіліп, оның 56 118 гектары (66,8%) суға бастырылды. Көктемгі дала және егін егу жұмыстары жалғасуда.
- Егіс алқаптарында қызу тірлік жүріп жатқанын байқадық. Ал техникалар көктемгі дала жұмыстарына толықтай дайын ба, жанар-жағармай жеткілікті ме?
- Ағымдағы жылдың көктемгі дала жұмыстарына техникалар түгел кірісіп кетті. Науқан басталар шақта 1821 трактор, 465 соқа, 229 тұқым сепкіш, 343 автомашина және 810 трактор тіркемесі 100 пайыз жөндеуден өтті.
Сонымен қатар биылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 12,8 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Бекітілген операторлар арқылы наурыз айына бөлінген 7,9 мың тонна дизель отыны облысқа жеткізіліп, оның 7,7 мың тоннасы әр литрін 164 теңгеден шаруашылықтарға таратылды. Cәуір айына бөлінген 4,9 мың тоннаға жеткізуші операторлар толықтай келісім-шартқа отырып, қаржысы аударылып, облысқа жеткізілді.
Биылғы жылы ауылшаруашылық құрылымдарымен «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 5 млрд. теңгеге 115 бірлік ауыл шаруашылығы техникаларын лизингке алу жоспарланса, жыл басынан бері 2,3 миллирд. теңгеге 85 бірлік техникалар лизинг арқылы алынды.
- Жыл санап Сырдария өзенінің арнасы құрғап барады. Осыған орай биыл судың жайы қалай болмақ?
- Биыл облысқа келіп түсетін судың көлемі аз болады деп күтілуде. 2020 жылға бекітілген ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру сызбасына сәйкес тұрақты суғаруға 4,2 миллиард текше метр су қажет.
Биыл 21 мамырдағы мәлімет бойынша Шардара су қоймасына жоғарыдан секундына 89,8 текше метр су түсуде. Қоймадағы су көлемі 4,3 миллиард текше метрді құрап, төменге секундына 250 текше метр, ал Көксарай су реттегішіне 1,2 миллиард текше метр су көлемі жиналып, Шардара мен Көксарайды қосқанда 5,6 миллиард текше метр су бар. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 265,5 миллион текше метрге кем юолып отыр.
Сонымен қатар, Сырдария өзенінің ағысын реттейтін Нарын-Сырдария бассейндік су қоймаларындағы (Тоқтағұл, Әндіжан, Бахри Точик, Шарбақ, Шардара) жиналған судың көлемі бүгінгі күнге 19,8 миллиард текше метрді құрап отыр. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,4 миллиард текше метрге кем. Сондықтан, биылғы жылы су аз болады деп күтілуде.
Көктемгі су алу жұмыстарына сәйкес, барлық аудандар мен Қызылорда қаласының су шаруашылығы нысандарын дайындау жоспары жасалынды.
Облыс бойынша су жүйелерін тазарту жұмыстары шаруашылықаралық каналдар мен ішкі шаруашылық каналдар 100% тазаланды. Насос қондырғыларын жөндеу 100%, гидробекеттерді жөндеу 100% және 85,3% мың гектар шабындық жерлер, 28,1 мың гектар жерлер ылғалдандырып суарылды. Ал өткен жылы шаруашылық каналдарда 100%, ішкі шаруашылық каналдарда 102,3%, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу шаруашылық каналдарда 104,8%, ішкі шаруашылық каналдарда 100%, насос қондырғыларын жөндеу 100%, гидробекеттерді жөндеу 100% және 83,8 мың га шабындық жерлер, 12,7 мың гектар жерлер ылғалдандырып суарылған болатын.
- Аймақтағы мал шаруашылығы саласында қандай жаңалықтар бар?
- Сыр өңірінде мал шаруашылығы саласында оң динамика қалыптасып, мал басы тұрақты өсіп, өндірілген өнім көлемі артуда.
Ағымдағы жылдың 1 мамырындағы көрсеткіш бойынша облыста 367 мың мүйізді ірі қара, 836,7 мың бас қой және ешкі, 171,6 мың жылқы, 56,3 мың түйе және 120,5 мың құс бар.
Мал басын өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара 4,7 пайыз, қой мен ешкі - 4,3 пайыз, жылқы 9,7 пайыз, түйе 7,2 пайыз, құс 6 пайыз көбейді.
Есепті кезеңде 11,4 мың тонна ет, 24,7 мың тонна сүт және 1,8 миллион дана жұмыртқа шығарылып, былтырғы жылмен салыстырғанда ет өндірісі 3,7%, сүт өндірісі 1,7%, жұмыртқа өндірісі 24,3% артты.
- Мал шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына тоқталсаңыз...
- Биылғы жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша облысқа 1000 бас шетелдік мүйізді ірі қара, 27500 бас қой малын сатып алу жоспары бекітілген.
Осыдан бүгінгі күні 4 шаруашылық 326 бас мүйізді ірі қара малын шетелден сатып әкелсе, тағы да 4 шаруашылықтың 250 бас шетелдік мал алуға берген тапсырыстары қаржы институттарында сараптамадан өтіп, қаржыландыру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар бүгінгі таңда 4 шаруашылық 2644 бас қой сатып алды. Бұдан бөлек 11 шаруашылықтың 638 бас қой сатып алу үшін несие рәсімдеуге берген құжаттары «Аграрлақ несие корпорациясы» АҚ-да сараптамадан өтуде. Негізінен қой сатып алу жұмыстары күз айларында, яғни қозысынан айырған кезде басталады.
- Сыр өңірінің брендтері алыс-жақын шетелдерге жөнелтілуде. Жалпы Қызылорда облысынан экспортқа шығатын өнімдер қанша елге жетіп жатыр?
- Сыр өңірінің өнімдері әлемнің 14 мемлекетіне экспортталады. Ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін 8,7 миллион долларды құрайтын 25,9 мың тонна өнім, яғни, күріш, балық өнімдері және қамыс экспортталды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 89,8 пайызды құрады.
Барлық экспортталған өнімнің 95 пайызын құрайтын облыстың негізгі дақылы - күріш өнімі, Ресей, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Моңғол мемлекеті, Тәжікстан, Украина және Ирак мемлекеттеріне экспортталып отыр.
Есепті кезеңге 24,6 мың тонна күріш өнімі экспортталып, былтырғы жылмен салыстырғанда 105,2 пайызды құрады. Түсім 7,3 млн. долларды құрады.
Сондай-ақ, аймақтан Ресей, Польша, Литва және Австрия мемлекеттеріне 818,3 тонна балық және Германия мен Нидерланды мемлекеттеріне 447,8 тонна қамыс жөнелтілді.
- Аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша артқаны қайсы, кемігені ше?
- Статистикалық деректер бойынша 2021 жылдан бастап ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында барлығы 16 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Өткен жылдың алғашқы тоқсанымен салыстырғанда өнім 2,8% артты.
Өнімдердің өңдеу көрсеткішінің артуына жас немесе тоңазытылған еттің 112,2%, сүт өнімдерінің 113,2%, шұбаттың 106,0%, ақталған күріштің 110,4% артты.
Бұл ретте, Қармақшы ауданы бойынша ақталған күріштің көрсеткіші, өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 24,1%, Жалағаш ауданы бойынша 2,9 есеге артқан.
Жас немесе тоңазытылған етті өңдеуде Қармақшы ауданының көрсеткіші 1,4 есе, Қызылорда қаласының көрсеткіші 2,2 есе артық өңделген. Ал балық өңдеу бойынша 53,7%, өңделген сұйық сүт 6,3% кеміген.
- Инвестициялық жобалар бойынша қандай жоспарлар бар?
- 2021-2025 жылдар аралығында агроөнеркәсіп кешенінде жалпы құны 58 миллиард теңгені құрайтын 76 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Осы жобалардың ішінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2021-2025 жылдарға арналған жол картасына инвестициялық құны 56,1 миллиард теңгенің 42 жоба әзірленіп, бекітілді. Нәтижесінде, 1087 жаңа жұмыс орны ашылады.
Оның ішінде өсімдік шаруашылығы бойынша – 9 жоба, ара шаруашылығы – 2 жоба, мал шаруашылығы бойынша – 12 жоба, құс шаруашылығы бойынша – 3 жоба, балық шаруашылығы бойынша – 2 жоба, өңдеу саласы бойынша – 14 жобаны іске асыру межеленіп отыр.
Осы жобалардың жүзеге асырылуы нәтижесінде өңірдің құс етімен өзін-өзі қамтамасыз етуін 45%, ет өндірісін – 71%, сүт өндірісін 55,0%, жұмыртқамен қамтамасыз етуді 12% арттыруға қол жеткізіледі.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласында жыл сайын тартылатын инвестиция көлемі 12-15% ұлғаятын болады.
Аталған 42 жобаның құны 51,1 миллиард теңгені құрайтын 20 жобасы экспортқа бағытталған инвестициялық жобалар болады. Олардың қатарында егіншілік саласы, мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, балық шаруашылығы, өңдеу саласы бар.
Биылғы жылы 8,7 миллиард теңгенің 21 жобасын жүзеге асыру арқылы 413 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Биыл жол карта аясында 8 жоба іске қосылған болатын. Атап айтар болсақ, өсімдік шаруашылығы бойынша 2 231,7 миллион теңгені құрайтын 4 жоба, ара шаруашылығы бойынша 159,1 миллион теңгені құрайтын 2 жоба, мал шаруашылығы бойынша 172,8 миллион теңгені құрайтын 2 жоба, пайдалануға берілсе 6 133,6 миллион теңгенің 13 жобасы жыл соңына дейін іске қосылатын болады.