Бүгiн 2026, 14:41 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Күшті теңге – төмен инфляция: Ұлттық валютаның нығаюы неге тиімді?

Ұлттық банк мұнай бағасы теңгені нығайтып, Ұлттық қор кірісін арттыратынын мәлімдеді.

Қазақстанда теңгенің нығаюына мұнай бағасының өсуі әсер етіп отыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, ұлттық валюта бағамы толықтай нарықтық факторлар негізінде қалыптасуда және қазіргі жағдайда спекулятивті ықпал байқалмайды.

Қазіргі қалыптасқан бағам нарықтық шарттарға сәйкес келеді. Біз алыпсатарлық немесе нарықтан тыс факторлардың әсерін көріп отырған жоқпыз, - деді ол.

Ұлттық банк төрағасы теңге бағамына ең алдымен мұнай бағасы әсер ететінін атап өтті.

Қазір мұнай бағасы қолайлы деңгейде. Бұл экспорттық валюталық түсімге және нарықтағы күтулерге оң әсер етеді, - деді Тимур Сүлейменов.

Сонымен қатар маусымдық фактор да маңызды рөл атқарады. Әдетте жылдың алғашқы тоқсаны мен екінші тоқсанның басында инвестициялық белсенділік баяу болады, ал негізгі валютаға сұраныс жаз айларында артады.

Ұлттық валютаның нығаюы инфляцияны төмендетуге ықпал етеді. Импорт үлесі жоғары болғандықтан, теңгенің күшеюі тауарлар мен қызметтердің құнын арзандатады.

Күшті теңге айтарлықтай дезинфляциялық әсер береді. Бұл әсіресе импортқа тәуелді экономика үшін маңызды, - деді ол.

Сондай-ақ бұл инвестициялық жобалардың құнына да оң әсер етеді.

Көптеген технологиялық жобада жабдықтардың 70-80%-ы импортталады. Сондықтан теңгенің нығаюы мұндай жобалардың өзіндік құнын төмендетеді, - деп атап өтті Ұлттық банк төрағасы.

Сонымен бірге мұнай бағасының өсуі Ұлттық қорға түсетін түсімдердің артуына әкеледі.

Мұнда белгілі бір уақытша кідіріс бар. Мұнай бағасы өзгерді екен деп, барлық келісімшарттар бірден қайта қаралмайды. Бірақ өндіріс пен экспорт көлемі сақталған жағдайда, бағаның өсуі қосымша түсімдерді қамтамасыз етеді, - деді Тимур Сүлейменов.

Ол қазіргі геосаяси жағдайды ескере отырып, теңге бағамына нақты болжам жасау қиын екенін де атап өтті.

Бүгінде нақты болжам айту қиын. Көп нәрсе Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты, - деді ол.

Айта кетейік, бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтап қалды. 

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Қазақстанда инфляция төмендеп келе жатқанын мәлімдеді. Алайда тәуекелдер әлі сақталып отыр.