Бүгiн 2026, 11:17 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Курьер, даяшы, сатушы: Оқушылар қай салада жұмыс істейтіні белгілі болды

Жасөспірімдер көбіне курьер, даяшы, сатушы және аниматор болып еңбек етеді.

Қазақстанда 14 пен 18 жас аралығындағы 1,7 миллионға жуық жасөспірім еңбек етуге рұқсат етілген санатқа жатады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес елімізде 14-18 жас аралығындағы балалар саны 1 млн 700 мыңды құрайды.

Ал министрліктің ақпараттық жүйелеріндегі мәлімет бойынша, қазіргі таңда ресми түрде 5 300 оқушы жұмыспен қамтылған.

Ведомство мәліметінше, жасөспірімдердің басым бөлігі сауда, ойын-сауық, демалыс қызметтері және қоғамдық тамақтану салаларында жұмыс істейді. Министр бұл бағыттардың балалар үшін алғашқы еңбек тәжірибесін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Оқушылар негізінен көгалдандыру жұмысшысы, курьер, даяшы, сатушы-консультант, аспаз көмекшісі және аниматор болып еңбек етеді.

Сонымен қатар министр жасөспірімдердің ең көп саны еліміздің оңтүстік өңірлерінде тіркелгенін айтты.

Атап айтқанда:

  • Түркістан облысы – 236,6 мың;
  • Алматы облысы – 143,5 мың;
  • Жамбыл облысы – 120 мың.

Ал қалалар арасында:

  • Алматы – 161,8 мың;
  • Астана – 107 мың;
  • Шымкент – 112 мың жасөспірім тіркелген.

Оқушылар арасындағы ең жоғары жұмыспен қамтылу деңгейі мегаполистерде байқалады. Қазіргі таңда жұмыс істейтін балалардың 59 пайызы ірі қалаларда еңбек етеді, - деді Ертаев отырыста.

Бұл, ең алдымен, ірі сауда және ойын-сауық орталықтарының мегаполистерде шоғырлануымен байланысты екені айтылды.

Еске салайық, бұған дейін елімізде 215 мың түлек мектеп бітіретіні хабарланды