"Көлікті погон таққан адам басқарған": Алматы облысында үш адамның өмірін қиған жол апаты туралы туысы мәлімдеме жасады
Алматы облысында жол апатынан қаза тапқандардың туысы тың дерек айтты.
Алматы – Қорғас тасжолында жантүршігерлік жол апаты болып, бір үйдің үш адамы – әкесі, анасы мен қызы қаза тапты. Марқұмдардың туыстары оқиғаға қатысты әділ тергеу жүргізуді талап етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қайғылы оқиғада қаза тапқан азаматтардың туысы Гүлжан Тұрдиеваның айтуынша, қайғылы оқиға 23 маусым күні болған. Көлікте отырған бірнеше адам Алматы – Қорғас бағытындағы тасжолмен келе жатқан. Сол сәтте қарсы бағытқа шығып кеткен көлік олардың көлігіне соқтығысқан.
Бірнеше секундтың ішінде өміріміз "дейін" және "кейін" болып бөлініп кетті. Біз бір отбасының үш мүшесінен айырылдық. Екі бала мен 10 айлық сәби аман қалды, бірақ олар ата-анасынан айырылды. Олар көптеген жарақат алып, ауруханада жатыр, – деп жазды марқұмдардың туысы.
Гүлжан Тұрдиева жол апатына кінәлі адамдардың жауапкершіліктен құтылып кетпеуін талап етті. Оның сөзінше, көлікті мас күйде болған, погон таққан адам басқарған.
Мен тек бір нәрсе сұраймын – тергеу жабылып қалмасын. Өкінішке қарай, мұндай жағдайларға қоғам үйреніп кеткендей. Бірақ бұлай болмауы керек. Кінәлілер жазалануы тиіс, – деді ол.
Туысының айтуынша, апатқа қатысы бар адамдардың бірі оқиға орнынан қашып кеткен. Ал жүргізуші бірнеше сағаттан кейін ауруханаға келіп, өзін ауыр жағдайда екенін айтқан көрінеді.
Жазба авторы жол апатынан көз жұмған әпкесі мен оның жұбайының жасы 40-та болғанын, ал қыздарының жасы небәрі 20-да екенін айтты.
Оның артында 10 айлық сәбиі қалды. Ол анасыз өседі. Ал менің жиендерім екі ата-анасынан бірдей айырылды. Кеше болған осы сұмдыққа әлі күнге дейін сене алар емеспін, – деп жазды ол.
Полиция не дейді?
Алматы облыстық полиция департаменті аталған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Ведомствоның алдын ала дерегіне сәйкес, Haval көлігінің жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Audi 100 автокөлігімен соқтығысқан.
Салдарынан Audi көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында алған жарақаттарынан көз жұмған. Қазір қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Кінәлі жүргізуші қамауға алынған.
Оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталуда. Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынған, – делінген полиция хабарламасында.
Еске салсақ, Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған жол апатында күдікті деп танылған Александр Пакқа қатысты 2026 жылғы 22 маусымда сот үкімі шықты. Сот үкімі бойынша Пак 10 жылға сотталды.