Куба ЕАЭО-ны экономиканы дамытудағы басты серіктестердің бірі деп атады
Куба ЕАЭО елдерімен денсаулық сақтау, биотехнология, цифрландыру және логистика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуді ұсынып отыр.
Куба Еуразиялық экономикалық одақпен практикалық ынтымақтастықты кеңейтуді көздеп отыр және бірлескен инвестициялық, сауда және технологиялық жобалардың жаңа бағыттарын ұсынды. Бұл туралы Куба вице-президенті Сальвадор Вальдес Меса Астанада өткен V Еуразиялық экономикалық форумда мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2026 жылғы 28 мамырда Еуразиялық экономикалық комиссия мен Куба Үкіметі 2026–2030 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойды. Құжат Астанада өткен V Еуразиялық экономикалық форум аясында рәсімделді.
Құжатта экономикалық байланыстарды дамыту, бірлескен жобаларды қолдау және ЕАЭО елдері мен Куба бизнесі үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру қарастырылған.
Бұл құжат бізге тиімді ынтымақтастықты дамытуға және барлық елге қажет өзара тиімді нақты жобаларды жүзеге асыру арқылы экономикалық әрі сауда байланыстарын ынталандыруға мүмкіндік береді, – деді ол.
Куба ЕАЭО-ға не ұсынады?
Вице-президенттің айтуынша, Куба ЕАЭО елдерінің инвестициясын экономиканың стратегиялық маңызды салаларына тартуға мүдделі. Басым бағыттардың қатарында денсаулық сақтау, биофармацевтика, биотехнология, азық-түлік қауіпсіздігі, жаңартылатын энергетика, химия өнеркәсібі және медициналық туризм аталды.
Осыған байланысты халықаралық медициналық ынтымақтастықтағы тәжірибемізбен, сондай-ақ жаңа биофармацевтикалық өнімдерді әзірлеу саласындағы зерттеу нәтижелерімен бөлісуге дайынбыз, - деді ол.
Куба Одақ елдерінің цифрландыру, жасанды интеллект және электронды сауда саласындағы жетістіктеріне де ерекше қызығушылық танытып отыр.
Бұл үшін Кубада Одақ үшін қызықты болуы мүмкін бірқатар перспективалы экономикалық сектор бар. Олардың ішінде денсаулық сақтау, азық-түлік қауіпсіздігі, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, биофармацевтика және биотехнология өнеркәсібі, химия өнеркәсібі, сондай-ақ медициналық туризмді ерекше атап өтеміз, - дейді Кубаның вице-президенті.
Тағы бір бастама ретінде Куба Мариэль арнайы экономикалық аймағын ЕАЭО компанияларының Латын Америкасы мен Кариб бассейні нарығына шығуына арналған логистикалық алаң ретінде белсендірек пайдалануды ұсынды.
Бізде Мариэль арнайы даму аймағы жұмыс істейді. Ол Еуразиялық экономикалық одақтың халықаралық мультимодальды логистикалық орталықтар желісін кеңейту жұмысына қосыла алады. Бұл Латын Америкасы және Кариб бассейні елдерімен сауда мен экономикалық ынтымақтастық ауқымын арттыруға мүмкіндік береді, - деді спикер.
Куба тарапының пікірінше, елдің тиімді географиялық орналасуы, дамыған порт инфрақұрылымы және қолданыстағы сауда келісімдері халықаралық сауда мен өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге қосымша мүмкіндік береді.
ЕАЭО Кубаға не бере алады?
Форумда сөйлеген Сальвадор Вальдес Меса Куба Еуразиялық экономикалық одақты маңызды әрі ұзақмерзімді серіктес ретінде қарастыратынын айтты.
Экономикалық, сауда және іскерлік байланыстарымызды дамыту – бүгінгі күннің маңызды қажеттілігі, – деді ол.
Куба сондай-ақ цифрландыру, жасанды интеллект, электронды сауда және ел ерекше назар аударып отырған басқа да салалардағы ЕАЭО жетістіктерін пайдалана алады.
Сондай-ақ Одақ елдері компанияларының бірлескен инвестициялық жобаларға тиімді қатысуына мүмкіндік беретін іскерлік ынтымақтастықты дамыту да маңызды. Бұл Латын Америкасымен жасалған ішінара сауда либерализациясы туралы келісімдердің артықшылықтарын пайдалануға жол ашады, - дейді Сальвадор Вальдес Меса.
Сонай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ интеграция мен экономикалық ынтымақтастықтың өміршең баламасы ретінде өзінің әлеуетін көрсетуі керек деп сенеміз. Бұл қазіргі әділетсіз әрі теңсіз халықаралық жүйеге қарсы маңызды тетік бола алады.
ЕАЭО қолдауы
Сонымен қатар Куба вице-президенті елдің сыртқы экономикалық қиындықтарына да тоқталды.
Біздің елге АҚШ үкіметі жүргізіп отырған қылмыстық экономикалық соғыс әсер етіп отыр. Бұдан бөлек, үшінші елдердің Кубаға жанармай жеткізуіне тыйым салатын іс жүзіндегі энергетикалық блокада енгізілді. Бізді әлем елдерімен заңды экономикалық және сауда байланысынан айыруға тырысуда. Жыл басынан бері елімізге 100 мың тонна мұнай тиеген бір ғана кеме келді. Бұл Ресей Федерациясының көмегі арқасында мүмкін болды және сол үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Бұдан бөлек, АҚШ президенті биыл осы блокаданың экстерриториялық салдарын күшейтетін екі жарлыққа қол қойды. Сондай-ақ жалған ақпарат пен манипуляция арқылы бізге әскери агрессия қаупін төндіріп отыр. Кубаны АҚШ үшін қауіп ретінде көрсетуге тырысып, армия генералы әрі революция жетекшісі Рауль Кастро Русқа қарсы негізсіз жала жауып келеді. Бұл – ешқандай заңдық негізі жоқ саяси арандату, – деді Вальдес Меса.
Оның айтуынша, мұндай шектеулер республика экономикасының дамуына айтарлықтай әсер етіп отыр.
Соған қарамастан, Куба Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің қолдауын сезінетінін айтты.
Қысымға қарамастан, Куба жалғыз емес. Бізге көрсетіліп отырған тұрақты қолдау мен ынтымақтастық үшін Одаққа мүше барлық елге алғыс айтамыз, – деді вице-президент.
Ол Кубаның алдағы уақытта да бірлестік жобаларына белсенді қатысуға ниетті екенін растады.
Куба атынан ынтымақтастыққа берік бейілді екенімізді және осы Одақтың дамуына өз үлесімізді қосуға дайын екенімізді мәлімдеймін, – деді Сальвадор Вальдес Меса.
Қазір Куба ЕАЭО жанындағы ең белсенді байқаушы мемлекеттердің бірі саналады. 2030 жылға дейінгі іс-қимыл жоспары Одақпен ынтымақтастыққа қызығушылықтың артып келе жатқанын және ұйымның сауда, инвестиция мен технологиялық әріптестікті дамытудағы ірі халықаралық алаң ретіндегі рөлін күшейтіп отырғанын көрсетті.
Бұл құжаттың артында үлкен бірлескен жұмыс пен соңғы жылдары қалыптасқан оң ынтымақтастық тәжірибесі тұр, – деді Бақытжан Сағынтаев қол қою рәсімінде.
2025 жылы тараптар осыған ұқсас бесжылдық жоспарды табысты аяқтады. Бақытжан Сағынтаев пен Сальвадор Вальдес Месаның айтуынша, жаңа құжат сараптамалық диалогты жалғастырумен қатар, түрлі бағыттағы практикалық кооперацияны дамытуға бағытталған.
Куба 2021 жылдың қаңтарынан бері ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекет мәртебесіне ие.
Еске салсақ, бұған дейін Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы басталғанын хабарлаған болатынбыз.
Отырыста Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан IT-қызмет экспортын 1 миллиард долларға жеткізгенін айтты.