КТК-ға жасалған шабуыл: Қазақстан 3,5 млн тонна мұнайдан қағылды
КТК-ға жасалған шабуылдардан кейін Қазақстан мұнай өндіру жоспарын қысқартпақ.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкіметтегі баспасөз мәслихатында Каспий құбыр консорциумындағы (КҚК) жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, КҚК-ға жасалған шабуылдарға байланысты мұнай өндіру жоспары қайта қаралады.
Бастапқыда былтырғы көлемді сақтап, 99 млн 550 мың тонна мұнай өндіруді, яғни көрсеткішті 100 млн тоннаға жуықтатуды жоспарлаған едік. Алайда қаңтардағы және маусым-шілде айларында жалғасқан шабуылдардың салдарынан шамамен 3,5 млн тонна мұнайдан қағылдық. ТШО акционерлері күрделі жөндеу жұмыстарын биыл жүргізбей, келесі жылға ауыстыру туралы шешім қабылдады. Бұл өндіріс көлемін белгілі бір деңгейде сақтауға мүмкіндік берді, – деді Ерлан Ақкенженов.
Оның сөзінше, министрлік NCOC операторы игеріп жатқан кен орындарындағы жөндеу жұмыстарын да келесі жылға ауыстыру туралы шешім қабылдаған.
Біз 98 млн тонна мұнай өндіруді жоспарлаған едік. Қазір түзетілген жоспар 96 млн тоннаны құрайды. КҚК-ға жасалған шабуылдардан болған шығын 3,5 млн тоннаға жетеді. Есебіміз осындай. Бұл – мұнай өндірудегі жоғалту, – деп қорытындылады Энергетика министрі.
Еске салайық, 2026 жылғы 20 шілдеде КТК-ның Теңіз терминалында мұнай тиеп жатқан «NELSA» азаматтық танкеріне пилотсыз ұшу аппараты шабуыл жасаған еді. Дрон кеменің оң жақ бортына тиіп, палуба мен ішкі бөліктерде өрт шықты. Танкердегі 22 адамнан тұратын экипаж эвакуацияланып, мұнай тиеу уақытша тоқтатылды. КТК мұнай төгілмегенін және жүк танктерінде өрт болмағанын хабарлады.
Бұл сол күндері тіркелген екінші шабуыл болды. Қазақстанның Сыртқы істер және Энергетика министрліктері азаматтық инфрақұрылымға жасалған шабуылды айыптап, оны елдің экономикалық мүдделеріне қол сұғу деп бағалады.
Айта кетейік, бұған дейін Ерлан Ақкенженов АИ-95 және АИ-98 бензинін құйғаннан кейін көліктерінде ақау пайда болғанын айтқан қазақстандықтардың шағымына қатысты пікір білдірді. Министрдің айтуынша, отын сапасына қатысты талаптардың бұзылған-бұзылмағанын тексеру үшін ол өзінің орынбасарын Павлодар мұнай-химия зауытына жіберген.