Қостанай облысында карантиндік шаралар екі аптаға қатаңдатылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Өңірде пандемия басталғалы бері 8 672 коронавирус жағдайы тіркелген. Қазіргі уақытта 1096 стационарлық кереует орналастырылған, жүктемесі – 39,5%, деді Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов бүгінгі Үкімет отырысында.
Ол, сондай-ақ, қажет болған жағдайда стационарлардағы төсек-орын санын 3000-ға дейін арттыруға дайын екенін жеткізді.
2021 жылдың 18 қаңтарынан бастап сырқаттанушылықтың өсуіне байланысты карантиндік шаралар екі аптаға қатаңдатылды. Облыстық бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, бірқатар өзгеріс енгізілді. Діни объектілердің қызметі уақытша тоқтатылды. Қоғамдық тамақтандыру объектілерінің және Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы уақыты бойынша шектелді. Сенбі-жексенбі күндері алаңы 2000 шаршы метрден асатын азық-түліктік емес сауда объектілерінің, жабық азық-түлік және азық-түліктік емес базарлардың, сауналардың, жабық СПА-орталықтардың, жабық спорт нысандарының, оның ішінде фитнес орталықтарының қызметі, сондай-ақ, қоғамдық көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды, - деді ол.
Аймақ басшысы карантиндік шаралардың сақталуын бақылау мақсатында мониторинтік топтар жыл басынан бері 942 рейд жүргізгенін айтты. 2823 нысан қамтылып, 26 бұзушылық анықталған. Аталған фактілер бойынша 29 млн 200 мың теңгеге 26 әкімшілік айыппұл салынған.
Дәріханаларды дәрі препараттарымен қамтамасыз ету мақсатында Тұрақтандыру қоры 538 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Қазіргі уақытта коронавирустық инфекцияға қарсы жаппай вакцинациялауға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. 72 медициналық мақсаттағы мұздатқыш камерасын сатып алу бойынша конкурстық рәсімдер аяқталды. Бірінші партияны жеткізу 10 ақпаннан басталады. Облыстың дәріханалары мен стационарларында дәрі-дәрмектермен және жеке қорғаныш құралдарының азайтылмайтын екі айлық қоры бар. Жалпы, облыстағы жағдай тұрақты, - деді Архимед Мұхамбетов .
Бұған дейін «қызыл аймаққа» енген Павлодар, Ақмола облыстары және Нұр-Сұлтан қаласының әкімдері өңірлердегі жағдайға тоқталған болатын.