Коронавирустан кейінгі күйзеліспен қалай күресу керек?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. COVID-19-ды жеңіп шықса да, күйзелістен арыла алмай жүрген жандардың саны күн сайын өсіп келеді. Күнделікті үйренген режимнің бұзылуы, шынымен де, стресске алып келе ме? Елімізде 1 ақпаннан басталған коронавирусқа қарсы вакцинация жайлы не білеміз? Бұл туралы «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының «Теледәрігер» бағдарламасында айтылды.

Ғалымдар коронавирустың адам денсаулығына ғана емес, психологиясына да кері әсері бар екенін дәлелдеді. Адамның бойын жаулаған үрей, қорқыныш, алаңдаушылық, көңіл-күй тұрақсыздығы жүйкені жұқартып, стресске алып келеді. Мұндай шағымдар кем дегенде 10 науқастың бірінде кездеседі екен.

Аурумен бірге өмірге деген құлшынысын жоғалтқан жандарға қалай көмектесуге болады? Оның алдын алу үшін не істеу керек? Бұл сұрақтардың жауабын іздеуге невролог Зәуреш Ахметжанова көмектесті.

Карантин уақыты басталғалы бері адамдардың күйзеліске ұшырағанын байқап отырмыз. Жұмыссыздық, материалдық қиындық, бұрынғы режимнің бұзылуы, яғни, далаға қалаған уақытында емін-еркін шыға алмауы, көптеген жақын адаммен бұрынғыдай қарым-қатынастың болмауы адамдардың жүйке жүйесіне қатты әсер етеді. Сонымен қатар коронавируспен ауырған немесе әлі де ауырып жүрген жандардың бойын қорқыныш, үрей сезімі бойлаған. «Қайтадан ауырып қаламын ба?» деген ойлардан арыла алмай, алдыма келіп, жылаған науқастар да болды. Оларға неврологиялық тұрғыдан депрессия деген диагноз қоямыз. Әртүрлі тесттер жүргіземіз. Мұндай науқастарды көбіне дәрі-дәрмекпен емдейміз, - дейді невролог.

Ал психолог Ержан Мырзабаев күйзелісті өз күшімен немесе жақындарының қолдауымен де жеңіп шығуға болатынын айтады. 

Аурудан емделіп шығу үшін жанымыздағы жақын адамдардың қолдауы өте маңызды. Жалпы, көрермендерге берер кеңесім, «ауырып қалдым, тағы да ауырып қаламын» деген ойлардан гөрі, «ауруды жеңдім, ауру бітті, мен емделдім» деп жақсы жағынан ойлаған дұрыс. Ал «коронавирустан кейін өмірге деген қызығушылығым жоғалды» дейтін жандарға айтарым, ең бірінші, өмірге деген қызығушылық тек бір фактордан тұрмайды. Оған сіздің отбасыңыз, жұмысыңыз, сүйікті ісіңіз сияқты өміріңіздің маңызды элементтері кіреді. Ал қазіргі карантин, коронавирус сіздің осы қызығушылықтарыңызды тұмандатып жіберуі мүмкін. Демек, сіз оны жоғалтқан жоқсыз, тек бұрынғыдай көре алмай қалдыңыз. Ол тұман жайылған сайын сіздің қызығушылығыңыз да арта бастайды. Бірақ тұманды жою үшін әрекет ету қажет. Спортпен айналысыңыз, кітап оқыңыз, жақындарыңызбен жиі араласыңыз, - дейді психолог. 

2021 жылдың 1 ақпанынан Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинация басталды. Мысалы, АҚШ, Ұлыбритания елдерінде коронавирусқа қарсы жаппай егу баяғыда басталып кетті. Біздің елде вирусқа қарсы екпе алғандардың айтуы бойынша, вакцинадан кейін дене қызуы көтеріліп, ауырсыну болуы мүмкін. Бірақ кейбір адамдарда мұндай теріс әсер байқалмайды. Өте жеңіл түрде өтеді. Қазіргі уақытта елімізде дайындалып жатқан KazCovid-in вакцинациясы 3-фазадан өтуде. Қазақстанда вакцина 21 күннің ішінде бір адамға екі рет егіледі. Бұл туралы Вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева айтты.

Бірінші кезеңде, эпидемиологиялық жағдайға байланысты медицина қызметкерлері вакцина алады. Вакцина жеткілікті болса, оны алатын жандардың шеңберін кеңейтіп, барынша көп адамды қамтуға тырысамыз. Жалпы, еліміз бойынша 6 миллионға жуық адамға екпе салынады деп жоспарланып отыр. Қазіргі кезде ресейлік «Спутник V» вакцинасын салып жатырмыз. Ол елімізге 31 қаңтар күні жеткізілген болатын. Сонымен қатар вакцинаны алар алдында дәрігер келген адамды тексеріп, оның денсаулығы жайлы толықтай мәлімет алуы қажет - дейді ол.

Оның сөзіне қарағанда, егер коронавируспен ауырған болсаңыз, сізге тек 6 айдан кейін ғана егілуге рұқсат етілген. 

Бірақ вакцинациялаудың алдында ПТР-тестері сұратылмайды, көбіне адамның қазіргі хал-жағдайы жақсы болған жағдайда екпе салына береді. Бірақ қарсы көрсетілімдер де бар екенін ұмытпауымыз қажет. 18 жасқа дейінгі балаларға, жүкті, бала емізетін әйелдерге, 65 жастан асқан жандарға вакцина салынбайды. Тағы да айта кетерлік жағдай, егер бірінші екпені алып, ал екіншіге келген кезде сырқаттанып тұрған адамға 7 күнге дейін шегіндіруге рұқсат беріледі. Сонымен қатар егер белгілі бір себептермен екінші вакцинаны салатын мүмкіндік болмай жатқан жағдайда, ең кем дегенде екпені 42-ші күнге дейін алып үлгерген жөн. Бұл уақыттан асатын болса, иммунитеттің қалыптасуы төмен деңгейде болады, - деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой күні кеше 10 ақпандағы жағдай бойынша 13 301 медицина қызметкері екпе алғанын мәлімдеген болатын.

Ұмсындық НАУРЫЗБАЕВА
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы