Коронавирус шаш арқылы тарай ма?

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова брифинг барысында осындай сұраққа жауап берді.

Коронавирустың шаш арқылы жұғу дерегі бізде болған жоқ. Сондықтан ондай деректі растай алмаймын. Сонымен қатар, емделіп шыққан адамнан екінші қайтара инфекция шыққан жағдайы болған жоқ. Мұндай өзге елдерде де, статистикада да тіркелмеген, - деді ол. 

Оның айтуынша, кейбір адамдарда КВИ симптомдары білінбейді, сондықтан стационарға пневмания, ЖРВИ-дің ауыр түрімен түскендердің барлығын COVID-19 инфекциясына қарсы тексеріліп жатыр. 
Пневмония симптомымен түскен 49 адамның арасында 1 жағдай тіркелді, қалғандарынан анықталмады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Сонымен қатар, пневмониямен кеше түскен 13 баланың 5-еуінің сараптамасы теріс болды, қалғандарынікі тексерілу үстінде, - деді Айзат Молдағасымова. 
Сонымен қатар, ол Алматы бойынша КВИ анықталған 91 адамның 5-еуі жергілікті екенін айтып өтті.
Олар сырттан келгендермен және инфекция жұқтырғандармен байланыста болмағандар. Қазір олардың қалай жұқтырып алғандары зерттеліп жатыр. Бұл бес адаммен үйде кем дегенде 3-4 адам қатынаста болған. Бұл науқастар карантин кезінде анықталғандықтан, өзгелермен қатынас жасауы төмен болды. Қазір індет тараған аумақтан келген адамдар, коронавируспен күресте алғы шепте жұмыс істеп жатқандар, зертхана қызметкерлері, бәрі бақылауға алынған. Мұның бәрі инфекцияның таралуын дер кезінде анықтау үшін жасалып жатыр, - деді Молдағасымова. 

Сөз арасында ол бұған дейін Алматыда коронавирусқа қарсы сараптамалық үш зертхана жұмыс істеп келсе, енді қосымша тағы 3 жекеменшік зертхана қосылғанын айтты.
Олар да сараптама жасауға ресми түрде рұқсат алды. Бұл Корея-Қазақстан компаниясы, "Алимп" ГТУ копманиясы және СПИД орталығы. Осылайша қалада қазір 6 зертхана жұмыс істейді, - деді Алматы қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін ол Алматыда екі күннен бері ауруханаға коронавируспен түскендер саны төмендегенін айтқан еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы