Көпбалалы отбасылар бизнесті дамытуға арналған бағдарламалардың игілігін көруде

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламалардың арқасында қазалылықтар өз бизнестерін дөңгелетіп келеді. Әсересе көпбалалы аналар қайтарымсыз қаржы алып, кәсіп бастап, өз істерін жүргізуде. Олардың әрқайсысының шығарып отырған өнімдері тұрғындар арасында сұранысқа ие.

Қазалы ауданының тұрғыны, кәсіпкер Айсұлу Жұмаханова «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 555 мың теңге қайтарымсыз қаржы алып, тігіншілік кәсібін дамытты.

Бағдарламаның игілігін отбасыммен көріп отырмын. Бұған дейін «Чайка» тігін машинасымен іс тігетінмін. Көбіне ісім өнбей, аяққа күш түсіп, уақыт жоғалтатынмын. Қазіргі таңда қайтарымсыз қаржыға «JACK» тігін машинасын алып, оған қоса үтік пен арнайы қайшыны да сатып алдым. Сонымен қатар зигзак тігісін орындайтын «Janome» тігін машинасына да қол жеткіздім, - дейді Айсұлу Жұмаханова.
Өз ісіне қажетті барлық құрал-жабдыққа қол жеткізген кәсіпкердің қуанышында шек жоқ. Себебі бұл бұйымдар қалың киімдерді тігуге, сондай-ақ сырғымақтарын жөндеуге де епті екенін жеткізді.  
Былғары теріден жасалған кеудешелердің сырғымағын және қалың киімдер мен джинсыларды да қысқартуға қауқары бар. Тоқпен жұмыс жасайтындықтан уақытты да үнемді пайдаланып, тапсырыстарды тез орындауға мүмкіндік бар. Жаңа технологияға қол жеткізіп, кәсібімді одан әрі дамытудамын. Қазіргі таңда тұтынушылардың да қатары көбейіп, олардың да көңілінен шығып келемін, - дейді кәсіпкер.

Тігінші Айсұлу Жұмаханова қазіргі таңда қыз жасауын әзірлеуде. Көрпе көктеп, қүрақ құрап, халықтың алғысын алып келеді.

Тігінге қатысты тапсырыстардың барлығын орындаймын. Мереке қарсаңында мектептер мен балабақша балаларына арнайы және ұлттық киімдер тігемін. Қыз жасауына керекті матаны оңтүстік өңірден алдырамын. Қызмет құны халықтың қалтасына салмақ түсірмейді. Сапалы әрі, қалтаға қонымды баға кімнің болмасын көңілінен шығары анық. Сондықтан болар тұтынушылардың барлығы өз ризашылықтарын білдіріп отырады, - дейді Айсұлу Жұмаханова.

Бастаған кәсібін одан әрі дамытуды көздейтін кәсіпкер алдағы уақытта үй жанынан тігін цехын ашуды жоспарлап отыр.

Аудан орталығындағы көпбалалы кәсіпкер ана Меруерт Қожабергенова алғашқыда той дастархандарын дайындап, табыс тапқан. Уақыт өте келе тойханалардан тапсырыс алып, үлкен тойдың дастархан мәзірін жасауға кіріскен. Алайда пандемия салдарынан кәсібі тоқтап, жұмыссыз қалады.

Жолдасым екеуміз 5 бала тәрбиелеп отырмыз. Қазіргі уақытта жұмыссыз отыруға болмайды. Сондықтан карантин уақытында жаңа кәсіп бастауды ойға алып, жолдасыммен ақылдастым. Біраз уақыттан соң мемлекеттік бағдарлама арқылы қайтарымсыз қаржыға ие болып, полуфабрикат өнімдерін дайындайтын «Қазалы» атты жаңа кәсіпті қолға алдым, - дейді Меруерт Қожабергенова.

Кәсіпкер Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша алған қайтарымсыз грантқа тоңазытқыш және басқа да құрал-жабдықтар сатып алған.

Қазіргі таңда бірнеше еңбекқор қыздарды жұмыспен қамтып отырмын. Біз қолдан түйілген таза, табиғи, сапалы түшпара, манты, вареники, самса, тефтели өнімдерін әзірлеп келеміз. Барлық санитарлық талаптар сақталуда, - дейді кәсіпкер ана.

Меруерт Қожабергенова өнімдердің сапалы әрі, дәмді болуын өзі қадағалайды. Ол үшін арнайы курсқа да қатысып үлгерген.

Барлық өнімді кәсіби рецепт бойынша дайындаймыз. Ол үшін арнайы курстан өттім. Барлық жартылай дайын өнімдер арнайы қаптамаға салынып, дүкендерге өткіземіз. Арнайы қаптаманы Алматы қаласынан алдыртамын. Ол үшін келісім шарт та жасалды, - дейді ол.

Айналымға шыққан жаңа өнімге аудан халқы әзірге тосырқап қарайды. Алайда кәсіпкер жақын арада тұтынушыларды көбейетініне сенім білдіреді. Сондай-ақ алдағы уақытта бұл өнім түрлерін Байқоңыр мен Арал аудандарына жеткізуді жоспарлауда.

Мемлекеттің қолдауына ие болып кәсіп бастаған Палуанбек Нұрғазиев – көпбалалы отбасының отағасы. Ол 4 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отыр. Кәсіп ашып, балалардың жағдайын жасауды көздеген әке қазіргі таңда мал бағу ісімен айналысуда. Жаңадан кәсіп бастаған Палуанбек Нұрғазиев мемлекет тарапынан халыққа ұсынылған жобалар мен бағдарламаларға өз ризашылығын білдіруде.

Жуырда ғана бағдарлама бойынша 583 мың теңге қайтарымсыз қаржы алдым. Бұл қаражатқа 13 бас қой алып, оны көбейтуді көздеп отырмын. Бүгінгі таңда қой етіне сұраныс көп. Сонымен қатар қой жайын білген адамға одан көл-көсір пайда бар. Жалпы қой жем-шөп талғамайды, сонымен қатар тез көбейетін мал төлі, - дейді кәсіпкер.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы