Консультациялық-диагностикалық қызметке қалай қол жеткізуге болады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда тұрғындарын медициналық көмек көрсету тәртібі көп мазалайды. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының  Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Мәселен, былтыр қорға 3301 өтініш-шағым түскен. Олардың  41,4%-ы консультациялық-диагностикалық қызмет бойынша болған. Қор консультативтік-диагностикалық қызмет алу мүмкіндіктері қандай екендігін айтты.

Бейінді маман-дәрігерлердің консультациялары, КТ/МРТ, рентген және диагностикалық қызметтің басқа да түрлері МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтарға емдеуші дәрігердің жолдамасы бойынша тегін көрсетіледі. Олар үшін  қосымша ақы талап етілмеуі керек. Егер емхана аталған қызметтерді өзі ұсына алмаса, онда орындау шарты бойынша пациенттің басқа клиникадан алуын қамтамасыз етуі тиіс.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі бері денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың едәуір артуы көптеген сұранысқа ие бағыттар бойынша медициналық көмек көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Консультациялық-диагностикалық қызметті қалай алуға болады?

Кез келген консультациялық-диагностикалық қызметті пациентке емдеуші дәрігер тағайындайды. Ол науқастың жағдайын, шағымдарын, аурудың белгілерін зерделейді. Тиісті көрсетілімдер болса дәрігер КТ, МРТ немесе басқа да зерттеулер жүргізуге жолдама жазады. Қызметті жоспарлы түрде алу үшін пациент «Сақтандырылған» мәртебесіне ие болуы тиіс, өйткені емхана деңгейінде бұл қызметтер МӘМС аясында көрсетіледі.

ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде қызмет көрсететін медициналық ұйым Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен тиісті шарт жасасады. Але пациенттерге осы қызметтерді ұсыну бойынша міндеттемені орындауға тиіс.  

 Бізге келіп түскен консультациялық-диагностикалық қызмет бойынша өтініш-шағымдардың дені: бейінді мамандарға, диагностикалық қызметтерге жете алмау немесе оларды ұзақ күту, сол секілді учаскелік қызметтерді (жалпы практика дәрігері, терапевт-дәрігер, педиатр-дәрігер), жедел медициналық көмек бригадасын ұзақ күту, т.б. Азаматтардан «емхана көрсетілімдер болса да, өткізу мүмкіндігінің жоқтығына сілтеме жасай отырып, консультациялық-диагностикалық қызметке жіберуден бас тартады» деген өтініштерді жиі аламыз. Мұндай жағдайда, қызмет жеткізуші Қор базасында тұратын медициналық ұйымдар қатарынан бірлесіп орындаушыны тартуға міндетті, - деп түсіндірді қордың елордалық филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Егер бірлесіп орындау шарты ешкіммен жасалмаса, онда пациентті осы қызмет түрі бойынша Қормен келісімшартқа отырған медицина ұйымдарының біріне жіберуге тиіс. Жолдама бойынша көрсетілген қызмет қорытындылары негізінде шарт автоматты түрде жасалады. 

Алайда  пациент өз емханасына бармай, басқа медициналық орталықтарға тікелей барып, консультациялық-диагностикалық қызметті ақылы алатын жағдайлар да кездеседі.

Кейде біз әлеуметтік желілерден пациентке жолдама берілмегені және олар ақылы түрде қызмет алғаны (мысалы, КТ) туралы шағымдарды көреміз. Мұндай жағдайларда пациенттің құқығын қорғаушы ретінде Қор іске қосылады. Бірақ, кейде, тексеру нәтижесінде пациент тіпті өз емханасына жүгінбеген, бірақ дереу басқа жерде ақылы тексеруден өтуге шешім қабылдағаны анықталып жатады. Сондықтан  азаматтарды ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық қызметтерді пайдалануға шақырамыз. Егер проблемалар туындаса, алдымен емхананың пациентті қолдау қызметіне хабарласып, өз құқықтарыңызды қорғаңыздар, – деді Нұрлыбек Қабдықапаров.

Оның айтуынша, 2022 жылы халыққа көрсетілетін медициналық көмекті қаржыландыруға 2,049 трлн теңге, оның ішінде ТМККК бойынша – 1,2 трлн, МӘМС бойынша – 838 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр.

Бұл ретте консультациялық-диагностикалық қызметтерді қаржыландыру едәуір артады. Осы мақсаттарға 231 млрд теңгеден астам,  оның ішінде МӘМС бойынша – 187,7 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Салыстырмалы түрде қарасақ: бір жыл бұрын аталған қызметтерге 203 млрд теңге, оның ішінде 167 млрд теңге – МӘМС бойынша бағытталған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы