Компания жамбылдық тұрғынға 92 млн теңге төлеуді "ұмытып кеткен"

Жамбыл облысында сот еңбек дауына қатысты даулы істі қарады. Ер адам сот арқылы жұмыс беруші ЖШС басшысынан төленбеген еңбекақысы үшін 92,3 млн теңге өндіріп алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қордай аудандық соты анықтағандай, талап қоюшы компанияда 2020 жылдың желтоқсанынан 2023 жылдың маусымына дейін күрделі құрылыс қызметінің басшысы болып жұмыс істеген. 

Еңбек шартының талаптарына сәйкес оның лауазымдық жалақысы 1 млн теңгені құрады. Алайда, 2021 жылдың шілдесінен 2023 жылдың маусымына дейін жұмыс беруші жалақы төлеу бойынша өз міндеттемелерін орындамаған.

Компанияның анықтамасымен және бас директордың қолы қойылған хатпен қызметкер алдында 92,3 млн теңге мөлшерінде берешектің болуы расталды.

Қарызды мойындағанына қарамастан, төлемдер жасалмаған. Бұл қызметкерді сотқа жүгінуге мәжбүр еткен. Еңбек Кодексінің 23-бабына сәйкес жұмыс беруші қызметкерге жалақы және басқа да төлемдер төлеуге міндетті. Ұсынылған дәлелдемелерді қарастырғаннан кейін, сот талап қоюды толық көлемде қанағаттандырды. Сот шешімімен ЖШС талап қоюшының пайдасына 92,3 млн теңге сомасында жалақы бойынша қарызды төлеуге міндеттелді. Сонымен қатар, жауапкерден 923 мың теңге көлемінде мемлекеттік баж өндірілді, - деп жазылған Жамбыл облыстық сотының хабарламасында.

Шешім заңды күшіне енді.

Еске салайық, бұған дейін Түркістанда тұрғындар әлеуметтік көмек алу үшін табысын жасырған

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы