Кеше 2026, 17:18 Фото: gov.kz

Көмір бағасын қымбаттатқан компанияға айыппұл салынды

Көмір бағасын негізсіз өсірген компания жазаланды.

Монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін  "Қаражыра" АҚ жауапкершілікке тартылды. 

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті «Қаражыра» АҚ-ға қатысты тергеп-тексеруді аяқтады.

Тергеп-тексеру барысында коммуналдық-тұрмыстық көмірді көтерме саудасында монополиялық жоғары баға белгілеу фактісі анықталды.

Атап айтқанда, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында компания коммуналдық-тұрмыстық көмірді көтерме сауда нарығында үстем жағдайға ие бола отырып, аталған тауарға монополиялық жоғары баға белгілеп, өзінің үстем жағдайын теріс пайдаланған. Бұл әрекет бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзуға жатады.

Тергеп-тексеру материалдары негізінде әкімшілік іс қозғалды. Семей қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен компания әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қолданылған шаралардың жалпы сомасы 87,4 млн теңгені құрады, оның ішінде 52,4 млн теңге көлемінде айыппұл және 35 млн теңге көлеміндегі монополиялық табысты тәркілеу. Қазіргі уақытта сот шешімі заңды күшіне енді. Әкімшілік айыппұл ерікті түрде төленді, ал монополиялық табыс толық көлемде мемлекет кірісіне өндірілді, - деп хабарлады Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, Департамент монополияға қарсы заңнама нормаларын бұзудың салдарын жою туралы нұсқама шығарды, ол «Қаражыра» АҚ тарапынан толық орындалды.

Аталған шаралар алдағы уақытта баға белгілеудің ашықтығын қамтамасыз етуге және тұтынушылардың мүдделерін қорғауға бағытталған.

Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында азық-түлік бағасын өсірген 28 кәсіпкер жауапқа тартылды

Тағы оқи отырыңыздар: 

Бензинді негізсіз қымбаттатқан жанармай бекеттері айыппұл арқалайды

"Тариф қымбаттаған": Депутат байланыс операторларына шағымданды