Комендант сағатын бұзған 318 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада құқық қорғау органдары қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін тиісінше қамтамсыз етуде.Қаладағы жағдай толық бақылауда тұр. Қала периметрі бойынша 6 блок-бекет қойылып, онда қызметкерлер тәуліктік режиде қызмет атқаруда.
Коменданттық сағат режимі сағат 23.00-ден бастап таңғы сағат 07.00-ге дейінгі аралықта жалғасуда. Төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты қалада жедел-алдын алу іс-шаралары өткізіліп, полицейлер тұрғын үй алаптарына тексеріс жүргізуде. Осы кезең ішінде учаскелік полиция инспекторлары құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеу және көші-қон заңнамасын бұзу фактілерін анықтау мақсатында 4 649 жалдамалы тұрғын үй мен 420 хостелді тексеру жұмыстарын жүргізді.
Тексеріс барысында көші-қон заңнамасын бұзудың 1 372 фактісі анықталып, 38 шетелдік азамат елден шығарылды. Төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік кодексінің 476-бабы бойынша 318 адам әкімшілік жауаптылыққа тартылды, оның 30-ы қамауға алынып, 137-іне айыппұл салынды, - деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы комендатурасының баспасөз қызметі.
Елордадағы жол қауіпсіздігі де бақылауда тұр. Полицейлер төтенше жағдай кезінде масаң күйде көлік құралын басқаруға қатысты 10 фактінің жолын кесті.Соттың шешімі бойынша жүргізушілер қамауға алынды.
Осы қиын кезеңде азаматтардың тарапынан бейқам жүруге жол берілмеуі тиіс. Төтенше жағдай кезеңінде алкогольдік өнімдерді сатуға тыйым салынатынын естеріңізге саламын. Құқық бұзушылар анықталатын болады және лицензиясынан айыруға дейін қатаң жазаланады, -деді елордалық комендант Ержан Саденов.
Полицейлер әсіресе блок-бекеттерге ерекше көңіл бөлуде. Блокбекеттер қойылған сәттен бастап тыйым салынған заттарды анықтау үшін шамамен 50 мың автокөлік тексерілді. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша және блокбекеттерде 2 тегіс ұңғылы «Сайга» қару-жарағы, «РГД-5» оқу-жаттығу гранатасы, «СVvz.27» маркалы тапанша, оқтан қорғайтын күртеше, оқ-дәрілер, 11 бита, 5 резеңке таяқ, кастеттер, дубинкалар, аэрозольдік тапанша, қолкісендер және бұрышты балоншалар тәркіленді. Барлық фактілер бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Блокбекетте есірткі құралдарын заңсыз сақтау бойынша 2 фактінің жолы кесілді.
Блок-бекетте автокөлік тоқтатылып, тексеру барысында ұрлық жасады деген күдікпен 26 жастағы жолаушы анықталды. Бұған дейін оның маусым айында Павлодар қаласында ұрлық жасағаны анықталды. Сондай-ақ, өзге автокөліктің 36 жастағы жолаушысы Қарағанды қаласында осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін ұсталды. Күдіктілер блокбекетте ұсталып, оларды іздеу туралы бастама көтерген бөліністерге тапсырылды.
Қаланың комендатурасы коменданттық сағат режимін сақтап, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзбау қажеттілігін ескертеді. Барлық заңсыз әрекеттерге қатысты қатаң шара қолданылатын болады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес төтенше жағдай режимінің талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтілген.