18 Тамыз 2026, 13:36 Фото: Anadolu Agency

Колумбиядағы жойқын жер сілкінісі: Шығын шамамен 10 миллиард долларға бағаланды

Болжам апаттың салдары бағаланған сайын өзгеруі мүмкін.

Колумбияның батысында магнитудасы 7,4 болған жер сілкінісінен келген алдын ала материалдық шығын шамамен 30 триллион колумбия песосы немесе 9,6 миллиард доллар деп бағаланып отыр. Бұл туралы ел президенті Абелардо де ла Эсприэлья мәлімдеді.

Алдын ала бағалауды жекеменшік компания жүргізді. Ол зардап шеккен Чоко, Валье-дель-Каука, Рисаральда, Киндио және Кальдас департаменттерін қамтиды.

Шығынның жалпы сомасынан шамамен 24,5 триллион песо (7,8 миллиард доллар) ғимараттарға, ал 5,5 триллион песо (1,8 миллиард доллар) инфрақұрылымға тиесілі. Билік бұл цифрлардың әзірге алдын ала екенін және дүлей апаттың салдары бағаланған сайын өзгеруі мүмкін екенін атап өтті.

Президент сондай-ақ Чоко департаментіндегі абсолюттік шығын басқа зардап шеккен кейбір өңірлерге қарағанда төмен болғанымен, жергілікті экономиканың ауқымына қатысты салдары әсіресе ауыр екеніне назар аударды.

Жер сілкінісі туралы не белгілі?

Магнитудасы 7,4 болған жер сілкінісі 10 тамызда Колумбияның батысында болды. Эпицентрі Чоко департаментіндегі Сан-Хосе-дель-Пальмар ауданында орналасқан. Жерасты дүмпулері елдің батыс аймақтарының едәуір бөлігін қамтыды.

Апаттан кейін билік зардап шеккен аумақтарды қалпына келтіру жұмыстарын жеделдету үшін төтенше экономикалық шаралар жариялады.

Құрбан болғандар мен зардап шеккендердің саны соңғы күндері нақтыланып жатқандықтан, әр түрлі басылымдардың деректері бір-бірінен өзгеше.

Reuters агенттігінің жаңа хабарламасында кемінде 280 адамның қаза тапқаны, 4 мыңнан астам адамның зардап шеккені және 143 адамның хабар-ошарсыз кеткені айтылған.

Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Колумбия президентіне көңіл айту жеделхатын жолдаған еді.