8 Қыркүйек 2026, 11:56 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Колледждердің 70%-дан астамы 40 жыл бұрын салынған – Бектенов 

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Қазақстандағы колледждерді жаңғырту қажеттігін айтты. Қазіргі колледждердің 70%-дан астамы осыдан 40 жылдан астам уақыт бұрын салынған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол колледждердің тартымдылығын арттыру үшін пәрменді шаралар қабылдау қажет екенін мәлімдеді.

Оқу бағдарламаларын еңбек нарығы мен халықтың сұранысына қарай үнемі жаңғыртып отыру қажет. Сұранысқа ие микробіліктіліктерді меңгеру үшін қысқамерзімді модульдік бағдарламалар ашылуға тиіс. Колледж кәсіби білім мен дағдыны меңгеруге саналы түрде ұмтылған азаматтар баратын орынға айналуы керек. Сонымен қатар инфрақұрылымды айтарлықтай жаңғырту қажет. Бүгінде жұмыс істеп тұрған техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 70%-дан астамы осыдан 40 жылдан астам уақыт бұрын салынған. Президент ірі инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандардың құрылысын бастап, іс жүзінде елімізді үлкен құрылыс алаңына айналдыруды тапсырды, – деді Бектенов.

Премьер-министрдің айтуынша, осы міндет аясында Мемлекет басшысы колледждер салу және оларды кешенді жаңғырту жөніндегі тәсілдерді мақұлдаған.

Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, биылғы 1 қарашаға дейін Үкіметке техникалық және кәсіптік білім берудің заманауи инфрақұрылымын дамытудың 2027–2030 жылдарға арналған бағдарламасын енгізуді тапсырамын. Кадр тапшылығын еңсеріп, білім беру жүйесі мен бизнестің нақты сұранысы арасындағы алшақтықты жою үшін жұмыс берушілердің, салалық қауымдастықтардың қажеттіліктері мен білім беру ұйымдарының мүмкіндіктерін өзара үйлестіру қажет, – деді Премьер-министр.

Еске салсақ, Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне бөлінетін мемлекеттік қаржы соңғы үш жылда 34,1%-ға өсті.

Сондай-ақ, колледж студенттерінің стипендиясы 43 мың теңгеге жетті. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында мәлімдеді.

Белгілі болғандай, еліміздің 11 өңірінде 13 жаңа колледж салынады. 143 мемлекеттік колледждің материалдық-техникалық базасын жаңарту қажет.