Көлік нөмірін бантикпен жасырған жүргізуші полицияға ұсталды
Түркістан облысында полицейлер жол ережесін өрескел бұзған жүргізушіні камера арқылы анықтады. Көліктен тағы бір заңсыз құрылғы табылды.
Түркістан облысында полиция қызметкерлері бейнебақылау камералары арқылы жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушіні анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиға Сарыағаш ауданының Жібек жолы ауылында болған. Жедел басқару орталығының қызметкерлері камераларды бақылау барысында автокөліктің мемлекеттік нөмірі сыйлық орайтын бантикпен жабылғанын әрі оған стробоскоп орнатылғанын байқаған.
Бұл туралы учаскелік полиция инспекторларына хабарланып, олар аталған автокөлікті тоқтатты. Тексеру кезінде көлікті Шымкент қаласының 25 жастағы тұрғыны басқарғаны анықталды. Жүргізуші нағашысының тойынан қайтып келе жатқанын айтқан.
Мемлекеттік нөмірді жауып, көлікке заңсыз арнайы жарық құрылғысын орнатқаны үшін жүргізушіге әкімшілік шара тағайындалды. Автокөлік айыптұраққа қойылды.
Полицейлер мемлекеттік нөмірді жасыру мен көлікке заңсыз жарық құрылғыларын орнату әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.
Еске салсақ, Павлодар облысының Железин ауданында көлігінің нөмірін қағазбен жауып қойған жүргізуші бір жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды.
Тағы оқи отырыңыз: TikTok үшін көлікпен тротуарға шыққан: Таразда 20 жастағы жүргізуші жазаланды