29 Шілде 2026, 18:51 Фото: видеодан алынған кадр

Көлік люгінен шығып отшашу атты: Жамбылда той кортежінің соңы сотпен аяқталды

Жамбыл облысында шу шығарып, жол қозғалысы ережесін бұзғандар жауапқа тартылды.

Желіге тараған қауіпті кортеж полицияның назарына ілікті. Люктен шығып отшашу атқан 18 жастағы тұрғын сот алдында жауап беріп, қомақты айыппұл арқалады. 

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында автокөліктер кортежі анықталды. Онда көліктердің бірінің жолаушысы люктен шығып, қоғамдық тәртіпті өрескел бұза отырып, айналасындағылардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіріп, отшашу атқан.

Құқық бұзған 18 жастағы қала тұрғыны анықталып, ұсталды. Ол елдімекенде пиротехникалық бұйымдарды пайдаланғаны, түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлады Жамбыл облысының ПД баспасөз қызметі.

Сондай-ақ жол ережесін бұзуға жол берген автокөлік жүргізушілері де жазаланды.

Полиция қоғамдық орындарда пиротехникалық бұйымдарды пайдалану, түнгі тыныштықты бұзу және Жол қозғалысы ережелерін әдейі елемеу – ойын-сауық емес, заң бұзушылық екенін қатаң ескертеді. Мұндай әрбір дерек анықталып, кінәлі тұлғалар міндетті түрде заңнамада белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады.

Бұған дейін Таразда баланы көтеріп алып, жерге бір соққан жасөспірім анықталғанын хабарлаған едік. Балаға күш көрсеткен жасөспірімнің әрекеті видеоға түсіп қалды.

Сондай-ақ, Жамбыл облысының орталығы Таразда әйелді азаптап, денесіне күйік салды деген ақпарат қоғамда қызу талқылануда. Әлеуметтік желіде тараған мәліметке сәйкес, оқиға 15 шілде күні болған. Күдікті ер адам полицияға жеткізіліп, қылмыстық іс қозғалды.