Бүгiн 2026, 16:10 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Көлігі табылды, өзі жоқ: АҚШ-та жоғалған қазақстандықтың ісі СІМ бақылауына алынды

Әсет Құралбайдың қайда екені әлі белгісіз, іздестіру жұмыстары жалғасуда.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Чикаго қаласында жоғалып кеткен Қазақстан азаматы Әсет Құралбайға қатысты жағдай ведомствоға белгілі екенін растады.

Министрлік мәліметінше, қазақстандық дипломаттар АҚШ-тың құзырлы органдарымен байланыста болып, оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

Нью-Йорктегі Бас консулдығымыз да азаматтың туыстарымен тұрақты байланыс орнатқан. Жағдай Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бақылауында, – деп мәлімдеді СІМ.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Иллинойс штатында тұратын 24 жастағы Қазақстан азаматы Әсет Құралбайдың жоғалып кеткені туралы ақпарат тарағанын жаздық. Жарияланған мәліметке сәйкес, ол Чикаго қаласына жақын орналасқан Форд-Хайтс ауданында тұрған.

Туыстарының айтуынша, Әсет Құралбай соңғы рет 2 маусым күні байланысқа шыққан. Ал 7 маусымнан бастап оның телефоны сөндірулі болған.

Олардың сөзінше, оның жеке құжаттары мен банк карталары үйінде қалған.

Сондай-ақ 10 маусым күні полиция жоғалған азаматтың мемлекеттік нөмірі DP 86722 болатын Toyota Camry автокөлігін тапқаны хабарланған. Алайда Әсет Құралбайдың нақты қайда екені әлі белгісіз.

Жарияланым авторлары ер адам туралы қандай да бір ақпарат білетін немесе оны соңғы күндері көрген азаматтарды туыстарымен +7-702-575-47-47 нөмірі арқылы байланысуға шақырды.