Көктемгі су тасқыны: Ақмола облысындағы ахуал қатаң бақылауда
Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өңір басшысы Ермек Маржықпаев Шағалалы су қоймасындағы, Красный яр ауылындағы бөгет пен Қылшақты өзенінің учаскесіндегі су тасқынына дайындық барысын тексерді.
Жергілікті атқарушы органдар елді мекендерде 300 текше метрден астам су сорып алды. Төтенше жағдай орын алған аудандарға 20 бірлік арнайы техника және жеке құрамның 50 адамы жіберілді, – деп хабарлады облыстық ТЖ департаментінің бастығы Нұрлан Атығаев.
Оның мәліметінше, он ауданда мұз жару жұмыстарына үш тонна жарылғыш материалдар пайдаланылды. Сілеті, Жабай, Шағалалы, Есіл, Нұра өзендерінде мұз беті біртіндеп ашылуда.
Қауіптің алдын алу мақсатында аймақтағы жағдай тәулік бойы бақылауда. Биыл әр ауылдық округке қарды тұрақты шығару үшін мол қаражат бөлінді. Су тасқынына байланысты проблемалар туындауы мүмкін 14 аудандағы 53 елді мекенде бұл жұмыстар үлкен рөл атқарады. Осы күндері өңірдің оңтүстік бөлігіндегі жағдайды тұрақты тексеруді ұсынамын, – деп тапсырды өңір басшысы.
Елді мекендерде қар шығарылып, арықтар тазартылып, жанар-жағар май, техника тексеріліп, мұз жару жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыс облыстың басқа аудандарында да бақылауда.
Мұз қату аз мөлшерде, еріген қар суы топыраққа сіңіп, буланып кетуі мүмкін. Жалпы, барлық су қоймаларында мұз қату әзірге сақталып отыр. Жауын-шашын қалыпты нормаға сай. Жалпы климат өзгеруде, күзде топырақта ылғал аз болды, Күннің күрт жылынуы күтілуде, - деді «Қазгидромет» Ақмола филиалының директоры Бақыт Мақажанова.
«Қазводхоз» Ақмола филиалы директорының орынбасары Арман Уәлиевтің айтуынша, барлық су шаруашылығы нысандары бойынша жоспарланған жұмыстар аяқталды. Инертті материалдар, жанар-жағар май дайындалды. Барлық су қоймаларында тәулік бойы кезекшілік орнатылды.
Күзгі тексеру кезінде 24 апаттық бөгет анықталды. Олардың барлығы транзиттік режимде. Бүгінде сараптамадан өткен сметалық құжаттаманың екі жобасы дайын, – дейді Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Болат Тоқышев.
Ақмола облысы полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Ризахмет Жанбековтың хабарлауынша, көлік жүретін бөлік арқылы су басуы мүмкін жерлерде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.
Су басу қаупі төнген аймақтарда эвакуациялық жұмыстар үшін орындар дайындадық. Енді тұрғындардың малдарын қайда көшіретінімізді ойластыру керек. Жергілікті жерлердегі учаскелік инспекторлар көмектесуі тиіс. Бұл жұмысты бәріміз бірге атқаруымыз керек, –деп облыс әкімі.
Зеренді ауданында тасқын қауіпті учаскелер: Шағалалы, Троицк, Бәйтерек, Айдабол, Ақкөл ауылдық округтері және Ивановка ауылы. Инертті материалдар, техника дайындауға бөлінген қаражат шеңберінде жоспарлы жұмыстар белсенді жүргізілуде.
Бізде ерекше қауіп жоқ, барлығы кестеге сәйкес жасалуда. Су тасқынына қарсы жедел штаб құрылды, коммуналдық қызметтер төтенше жағдайға әзір. Барлық су тасқыны қаупі бар ауылдық округтер бойынша инертті материалдар әкелінді, ЖЖМ сатып алынды, техникалар дайын. ТЖ бөлімімен бірлесіп қауіпті учаскелерді аралаймыз. Ауылдық округтердің әкімдері қар толық ерігенше және тасқын су басылғанша тәулігіне 24 сағат белсенді режимде жұмыс істейтін болады, – дейді Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Мақсұт Сенбеков.